Бұл туралы Павлодар облысының Ғаламдық Таеквондо федерациясының президенті, аталмыш спорт түрінен төрт дүркін қара дан иегері Қален Сұлтанғазин айтты.

- Жарысқа еліміздің 11 аймағынан 600-ге тарта қатысушы келді, - дейді Қален Сұлтанғазин. - Олардың қатарында Павлодар, Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Көкшетау, Астана, Атырау, Қостанай сияқты өңірлер бар. Жарыс хъенги және массоги түрлері бойынша өтті. Жақсы нәтиже көрсеткен жасөспірімдер «Үздік техникасы үшін» медалімен марапатталса, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль мен дипломдар берілді. Жалпыкомандалық есепте қатарластарынан 69 ұпайға озып шыққан Павлодар облысының спортшылары 122 ұпаймен бірінші орын алды. Жерлестеріміз 17 алтын, 18 күміс пен 41 қола медаль еншіледі. Ақтөбеліктер - екінші орында. Ал, ШҚО спортшылары үшінші орынға жайғасты.

Қален Сұлтанғазиннің айтуынша, жуық арада жас өрендер республикалық жиынға аттанады. Бұдан кейін Қазақстан ұлттық құрамасы Оңтүстік Африкадағы байрақты бәсекеге жол тартады.

- Мен өзімнің бар күшімді ортаға салуға тырыстым, - дейді үш дүркін ел чемпионы Балнұр Оркенова. - Бапкерімнің айтқан нұсқауларын орындадым. Бастысы - өзіңе сенімді болу. Алда маңызды жиын күтіп тұр, оған тиянақты дайындалатын боламын.

Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz

Тэги: Таеквондо, Павлодар, спорт