Балалар шығармашылығы үйінің  мәжіліс залында өткен «Ақсу – ақылды қала» жобасының тұсаукесеріне  жергілікті билік өкілдері, мекеме-ұйым басшылары, ПИК төрағалары мен қала тұрғындары қатысты.

Компания жетекшісі Сергей Голышевтың айтуынша, мобильді қосымша тоғыз саланы қамтып отыр.  Бұл - жергілікті полиция қызметі, тұрғын-үй инспекциясы, жер қатынастары, ішкі саясат, жұмыспен қамту, мәдениет, спорт, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мен білім беру бағыттары.   



-  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасының биылғы Жолдауында ел алдына елеулі 10 міндет қойылған, - деп Ақсу қаласы әкімі  аппаратының басшысы Бибігүл Нұркенова жоба жөнінде айтып өтті. - Соның бірі – «Смарт Сити» тұжырымдамасы. Жолдауда еліміздегі қалаларды басқаруда заманауи технологияларды енгізіп, тұрғындар үшін ыңғайлы да жайлы орта қалыптастыру міндеті қойылды.  Бүгінде іске қосылып отырған жаңа  бағдарлама тұрғындар үшін өті тиімді болмақ.

Қосымшаға алғаш болып тіркелген қала тұрғыны Самал Белгібаева «Ақсу – ақылды қала» қосымшасының алғашқы ресми тіркелушісі ретінде марапатталып,  сый-сияпат жасалды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар және Ақсуда  қалаларында «Ақылды үй» және «SMART ПАВЛОДАР» мобильді қосымшалары  енгізілген болатын.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, білім, Цифрлы Қазақстан, мобильді қосымша