Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов, облыстың кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Байсейітов және ИнЕУ-дің инновациялық дамуы жөніндегі проректоры Евгений Никитин аталмыш жобаларды жүзеге асыру мақсаттары мен тетіктерін түсіндірді.

Илья Теренченко қазіргі кезде партиялық жұмысты қайта жаңғыртуға бағытталған жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.   

-    Партиялық жұмысты қайта жаңғырту мақсатында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мен цифрландыруға бағытталған жаңа 22 партиялық жоба әзірленді. Жаңа жобалардың тұсаукесері Павлодар облысынан басталғанын білесіздер. «Нұр Отан» партиясы, жергілікті мемлекеттік органдар, аймақтық кәсіпкерлер палатасы мен кәсіпкерлік өкілдерімен үшжақты меморандумға қол қойылды, - деді Илья Теренченко. 

Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Инновациялық Еуразиялық университетінің негізінде 21 мамырда IT-орталықтың ашылатынын жеткізді.

 Мұнда жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жастар арасынан алғашқы 30 адам іріктеуден өтеді. Емтиханды сәтті тапсырған жағдайда  бірден оқуға кірісетін болады. Орталықта тыңдаушылар сұранысқа ие цифрлық саладағы білім алып, қазіргі бағдарламалық тілдерге машықтанады.

Өз кезегінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов ИнЕУ-дің қатысушыларды қабылдауға әзір екендігіне сендірді. Мемлекеттік орган басшысының сөзін ИнЕУ ректорының міндетін атқарушы Евгений Никитин растады.

– Қазіргі кезде заманауи талаптарға сай компьютерлік сынып толықтай жабдықталды. 3D принтеріміз бар. Барлық құқықтық және материалдық базаға ие екендігімізді дәлелдегеннен соң ғана университетіміз оқу орталықтарының тізіміне енгізілді, - деп атады Евгений Никитин.

Айбек Жұматов

pavlodarnews.kz

Тэги: Нұр Отан, қоғам, IT-орталық