Бұл туралы агенттіке Шақа ауылдық округінің әкімі Төлеген  Шакарманов айтты.

-  Шетелдік ғалым Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық  университетпен бірге жұмыс жасайды, - дейді Төлеген Шакарманов. - «Ертіс орманы» резерватының Бесқарағай орман шаруашылығы филиалында құрт-құмырсқаға тәжірибе  жасалады. Томош  Мокружскийдің сөзінше,  мұнда  сирек кездесетін жәндіктердің түрлері бар.  Шетелдік ғалымды польшалық университетте докторантурада  білім алатын жерлесіміз Биназир Мұсаева алып келген.

Ауыл әкімінің айтуынша, Бесқарағай орман шаруашылығының аумағы 134 мың гектарды құрайды. Шетелдік ғалым ағаштың қабығын, өзегін кеміретін ұсақ қоңыз - қабық құрты, жібек көбелек, тоқымашы  сияқты жәндіктермен күресудің әдіс-тәсілдерін қарастырады.

-    Әсіресе, қабық құрты бір жылдың ішінде 10 диаметрді құртып жібереді, - дейді Төлеген  Шакарманов. -  Сондықтан шетелдік мейман өзімен бірге алып келген қақпандары мен торларын қойып жатыр.  Шамамен бір ай бойы  зерттеу жүргізіледі.  Біздегі қысы-жазы жасыл күйде тұратын қылқан жапырақты қарағайлар бір тәулікте бір текше шақырым жерде 12 тонна көмірқышқыл газын сіңіріп, сегіз тонна оттегін бөледі. Қайын, терек және  емендерде мұндай қасиет болмайды. Сондықтан ағаштарды сақтап қалу үшін 150 жыл уақыт керек. Жалпы, резерватта 600-700 жылдық қарағайлар бар.

Айта кетерлігі, Томош  Мокружский Польшаның 200 жылдық тарихы бар ең ірі университетінің энтомология  кафедрасында сабақ береді және студенттерге орман зиянкестерімен күресуді үйретеді.

Ақбота Сейсенбаева


pavlodarnews.kz

Тэги: Ертіс орманы, резерват, қоғам