Бүгін  облыс орталығында өңірлік ІІД мен мемлекеттік кірістер басқармасы  бірлесіп, көлік салығы бойынша  берешегі бар автокөлік иелерін табу мақсатында рейді өткізді.

- Көлік салығынан  көбінесе қозғалтқышы төрт литрден жоғары болатын жүргізушілер қашқақтайды, - деді Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім жетекшісі Мақсұт Қаңтарбаев. – Темір тұлпар иелері қолдарына салығы төленбегені жайлы ескертуді алса да, қарызын өтеуге асықпайды.  Оларға салықты  төлеу үшін бір ай көлемінде уақыт беріледі. Егер бұдан еш нәтиже шықпаса, біз осындай рейдттерге шығамыз. 

Бөлім жетекшісінің айтуынша, биыл Салық заңына өзгертулер енгізілді. Осылайша, енді көлік салығына қатысты бұйрықтарды мемлекеттік кірістер басқармасы шығара алады.  Кейін  бұйрық жеке сот орындаушысына жіберіледі. Егер аталған шаралардан кейін көлік иесі қарызын төлемесе,  мемлекеттен шекара асу құқығынан айырылады. Бұған қоса, жүргізуші куәлігі алынып, әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.  Сонымен қатар, банкттердегі есепшоттар мен картаға шектеу қойылады.

Айта кету керек, бүгін тоқтатылған төрт жол талғамайтын көліктердің біреуінде қарызы бар болып шықты. Ол 2017 жылы көлігін есепке тұрғызған кезде салық төлемеген. 60 мың теңге қарызын жапқанға дейін жүргізушінің көлігі айыппұл тұрағына қойылатын болды.

- Бір тоқсан ішінде айыппұл тұрағына 10-нан 15-ке дейін автокөлік қойылады, - деді Мақсат Қантарбаев.  – Жыл басынан бері тұраққа екі миллион теңге қарызы бар бес тұлпар жіберілді. Бүгінгі күнге  олардың  қарызы өтелген.  Бес мыңнан аса жүргізушілерге ескерту жіберілді. Жалпы, автокөлік иелері мемлекетке 670 миллион теңге қарыз.

Рейдтердің негізгі бөлігі «Ақ Отау»  мейрамханасының жанында, «Ертіс» бақылау-өткізу пункті және Успен көпірінің қасында жүргізіледі. Десе де, қала жолдарында орналасқан бейнебақылау камералары да бұл істе зор көмегін береді.

Айта кетерлігі,  өткен жылы желтоқсан айының басында 1,6 миллион теңге қарызы бар «Лексус» көлігі айыппұл тұрағына қойылған болатын.   2017 жылы төрт миллион теңге салық  төлемеген  тоғыз көлік тұраққа жіберілді.

 

Назым Қарабаева

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам