Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Ербол Қайыров жаз айларында жазушы дүниеге келген Тоқта ауылына барып зерттеу жүргізетіндіктерін айтады.

- Бұл жұмысты енді бастап жатырмыз, - деді Ербол Қайыров. – Бізде музейге ұсынылған тұлғалардың көбі қысқа деректер түрінде жазылып, құжат ретінде берілген. Олардың көбісі зерттелмеген. Райымқұл Әутәліпов – Ертіс ауданының тумасы. Туыстары да бар қазір. Проза жағынан танымал. «Екі дос», «Әкенің сыры», «Алтын бесік» сынды әңгімелері, повестері бар. Олар кітапқа шықса да бізде жоқ. Өлең жазғандығы жөнінде де дерек кездеседі. Бірақ бізде толық мәлімет жоқ. Биыл 95 жыл толады. Сол себепті жастарды, студенттерді жинап, осы жұмысқа серпін берейік деген оймен кеш жасап жатырмыз. Мұндай адамдарды зерттеп, танытып, қайта әдебиетімізге қосатын болсақ. рухани жаңғырғанымыз сол болмақ.

Әдеби кешке зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысып, өңіріміздің белгілі ақыны Қуанышбек Шарманов, талантты әнші Талант Кәден өз өнерлерін паш етті.

Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі, белгілі журналист, жазушы Ғалымбек Жұматов Райымқұл Әутәліповтің өз оқырмандарын табатынына сенімді.

- Бұл кісі Қарағанды облысында көп жылдар қызмет атқарды, - деді Ғалымбек Жұматов. – Сол жақта жүріп еңбегімен танылған еді. Кейін кенде қалып қойды. Қазіргі кезде біз жастарды кітапқа көп үңілмейді деп жатамыз. Ол дұрыс емес. Еуропа елдерінде, өзім Венада болғанымда үлкен қалаларды ортасында халықтьың кітап, газет оқуларына арналған жап-жасыл алаңдарды көрдім. Бар жағдайды жасап қойған. Солай дамыған елдерде әдебиет те, интернет те, газет, кітап та өлмейді. Сондықтан біз де сол бағытта қадам жасауымыз керек. Ондай жағдайға жеткенде Райымқұл Әутәліпов сынды тұлғаларымыз өз оқырмандарын табады.

Айта кетейік, Райымқұл Әутәліпов 1923 жылы Павлодар облысының Ертіс ауданы Тоқта ауылында дүниеге келген. 1933-43 жылдары Ақмола облысындағы «Бестөбе» руднигінде орта мектеп бітіріп, Қазақ Мемлекеттік университетін тәмәмдаған соң «Советтік Қарағанды», Ақмола облыстық «Сталин туы» газеттерінің редакцияларында қызмет атқарған. 1951-53 жылдарда қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редактор, Алматы радиохабарлары торабының тілшісі болды.

1959-61 жылдары Р.Әутәліпов бұрынғы КСРО Жазушылар Одағының жанындағы Жоғарғы әдебиет курсында оқыған. Қарағандыдағы облысаралық Жазушылар Одағының қазақ әдебиеті секциясын басқарған. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі болған.

Оразбек Саяхат
Фото: Бұқар жырау атындағы музей

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, мәдениет