Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – рекордтық көрсеткіш. Себебі, өткен жылы   қатысушылардың саны 160  адамды құраған.  Биыл  Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары  мен 10 ауданнан  370 оқушы мен студент  келген.   

-  7-15 жас аралығындағы балалар шайқасу үшін өздерінің «Сумо» роботтарын жинастырады, - деді республикалық және халықаралық байқаулардың қатысушысы, төреші Темірлан Омаров. – Бұл роботтар бір-біріне қарама-қарсы бағытта тактикалық жүріс таңдап, қарсыластарын шеңберден шығарып тастауы тиіс. Балалар өз қалауы бойынша қиялға ерік береді.  

Төрешінің айтуынша, соңғы кездері жеткіншектердің  көбі «Сумо» роботтарға қызығушылық танытуда. Балалар  айлакерлікпен  роботтарға өздерінің ойындағы жоспарын  орындатады. Бір қарағанда қарапайым көрінген  роботтар әртүрлі күрделі әрекеттерді жүзеге асыра алады.

Облыстық білім беру басқармасы мен «ҚазРоботикс» қазақстандық білім беру және спорттық робот техникасы Федерациясының  облыстағы филиалы бірлесіп ұйымдастырған фестиваль екі күн қатарынан өтеді.  Ертең 15-20 жас аралығындағы  өнертапқыштар өз жұмыстарын ұсынады.   

Өнертапқыштар келесі категориялар бойынша сынға түседі: «Сызық бойынша жарыс», «Слалом», «Эстафета», «FUN  арқан тарту», «FUN  шаяндарды басқару», «Робосумо-ересек топ», «Робосумо-кішкентай топ», «Кегельринг», «Кегельринг квадро», «Шағын-сумо», «Адымдайтын сумо», «Жобалар байқауы», «3D-модельдеу бойынша олимпиада».

Айта кетерлігі, жыл сайын облыс әкімінің қолдауымен өңірімізде «Робот техникасы» элективті курстарды жүргізетін мектептер саны артуда.  Өңірде  146 робот техникасы кабинеті талапқа сай жабдықталған.  Бүгінде «Робо-фестиваль-2018» республикалық фестивалінің өңірлік кезеңдерінде  оқушылар белсенділік танытып,  жетістіктерді көрсетуде.

Жеңімпаздар 2018 жылдың қазан айында Петропавл қаласында өткізілетін республикалық чемпионатқа  жолдама алады.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Роза Мұстафина
 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, білім