Өнертапқыш «Smart үйді» жинақтап шығаруға екі ай уақыт жұмсаған. Бұған дейін «Сумо» роботымен Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен байқауда бірінші орынды иеленген.

-  Бүгінде 21 ғасырда технологиялар қарыштап дамуда, - дейді  Әлішер Әмірғалиев. – Сондықтан адамдардың тұрмысын жеңілдету мақсатында осындай үй құрастыруды ойладым.   Бұл үйдің ерекшелігіне тоқталатын болсам, адам  бір рет қолмен шапалақтаған кезде үйде шам қосылады. Екі рет шапалақтаса, екі бөлмеде жарық жанады. Сонымен қатар,  сырттан адам 20 метрге жақындаған кезде дабыл іске қосылады. Үйдегі өсімдіктер автоматты түрде датчик арқылы ылғалмен  суарылады.  Ылғалдандыру көрсеткіштерін қажеттіліктеріне қарай ауыстыруға болады.

Дарынды балаларға арналған № 3 гимназияның 5-сынып оқушылары Аружан Асқарова мен Яна Солдатенко робот техникасының қыр-сырын енді ғана меңгеруді бастаған.  Қыздар екі аптаның ішінде арқан дайындайтын құрылғы дайындап, мектеп бюджетін үнемдеуге үлес қоспақ.

- Бұл құрылғы баскетбол және волейбол торлары мен балық аулауға арналған тор әзірлейді, - дейді олар.  - Әзірге негізгі блок пен екі айналмалы бөлшектен тұратын шағын модельді ұсынып, қарапайым жіпті қолданамыз.  Жалпы, иілетін металлдар мен сымдарды пайдалануға болады.   Болашақта   жіпті ұстап тұратын механикалық қолды бекітіп, қашықтықтан басқаруды жоспарлап отырмыз.

Айта кетейік, биыл облыстық  робот техникасы бойынша өтіп жатқан байқауға қатысушылардың саны екі есеге жоғары. Өңірдегі үш қала мен 10 ауданнан 370 оқушы мен студент  өз жобаларын сарапқа салуда.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: Роза Мұстафина

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, білім