Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында  өңірлік білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы айтты.

- Мұндай жаңашылдықты енгізудің нәтижесінде жаз бойы балалар қазақ халқының мәдениеті мен тілін, өнерін,  салт-дәстүрлері мен тұрмысын зерделейді, - деді Дінислам Болатханұлы. - Үйірмелер мен шеберлік сағаттарында киіз үйді орнату, ұлттық әшекейлер мен кәдесыйлар жасау, жүн түту, құрақ құру, жүннен бұйымдар тоқуды үйренеді.  Сонымен қатар, ат жарыс, жебе ату, асық ойнау, тоғыз құмалақ сияқты ұлттық спорт түрлері мен қазақтың ұлттық тағамдарын дайындау  бойынша шеберлік сағаттарына қатысады.

Басқарма басшысы мәзірге қоғам денсаулығын қорғау департаментінің келісімі бойынша ұлттық тағамдар енгізілетінін атап өтті.

-  Сонымен қатар, патриоттық тәрбиелеу және өмірдің оң тәжірибесін көрсету мақсатында  өңірдегі атақты адамдармен кездесулер өтеді, - деді   Дінислам Болатханұлы. - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Баянауылдың киелі жерлеріне жаяу саяхаттар  ұйымдастырылады. Оның ішінде Қаныш Сәтбаев атындағы мұражай, Жасыбай батырдың ескерткіші мен көлі, Қоңыр әулие, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев ауылы, ескерткіші, Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылы мен мұражайы,  Бұқар Жырау ауылы, мұражайы, Шәкен Айманов атындағы мұражай мен ескерткіші, Баянауыл ауылының ескерткіштері бар.  Орталық аумағында киіз үйлер мен алтыбақандар орнатылып,  ұлттық нақышта  үй жайларын рәсімдеу қарастырылған.

Бұдан басқа, М. Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайы базасында «Хогвартстегі каникулдар» жазғы лагері бағдарламасы аясында  «Шығармашылық times» креативі,  «Бiлiм Land» пайдалы білім, ақпарат және «Ақпарат. FM» блог жасау факультеттері жұмыс істейді.

Экология жылы шеңберінде облыста «Жасыл желек» жобасы іске асырылады.   

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, білім, рухани