Мамыр айының үшінші жексенбісі бүкіл әлемде ЖИТС-пен ауырған адамдарды еске алу шаралары ұйымдастырылуда.

Облыстық орталық басшысының орынбасары Бақыт Жанахметованың айтуынша, ауру пайда болған күннен бастап әлем бойынша 35 миллион адам көз жұмған.

- Бүгін біз осындай ауыр дерттен көз жұмған адамдарды еске алып, ЖИТС диагнозымен жүргендерге демеу көрсеткіміз келеді, - деді Бақыт Жанахметова. – Аталмыш жұқпаның таралуы мәселесіне қоғамды тартуымыз керек. Себебі, жыл сайын ЖИТС-ті жұқтырып жүрген адамдардың саны көбеюде. Павлодар облысы бойынша 22 жылдың ішінде 375 адамның өмірін жалмады. Жалпы есепте 1750 адам тұр. Олардың орташа жасы 20-39-ды құрайды. Жылда есепке екі жүзге жуық адам алынады.

Бұдан басқа, бүгін АИВ жұқпасына экспресс-тесттен өтуге мүмкіндік ұсынылады. «Герлита» ҚҚ-ның қызметкері Мәдина Жұматаева  мұндай тестті тек қана аталмыш мекемеде өтуге болатынын айтады.

- Қазіргі уақытта инфекцияны табу қан талдауы арқылы ғана емес, адамның сілекейін алып анықтауға болады, - деді Мәдина Жұматаева. – Қорытынды 15 минуттың ішінде дайын болады. Егер де адам өзінің денсаулығына күмәнданып жүріп, ЖИТС орталығына қаралғысы келмесе, бізде тегін және жасырын түрде сараптамадан өте алады. 

 Қоғамдық қор ЖИТС-пен ауыратын адамдармен үзілген байланысты қайта орнатумен айналысады.

- Адамдардың көбі ауруға шалдыққанына сенгісі келмей, ем алудан бас тартады, - дейді маман. - Біз олармен әңгіме жүргізіп, антиретровирустық терапияны уақытында бастауға сендіреміз. Бұл ем оларды аурудан айықтырмаса да, денсаулықтарын бір қалыпта ұстауға көмектеседі.

 

Назым Қарабаева

Фото: автор

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, денсаулық