Білім ордасы директорының міндетін атқарушы Күләзи Оразбаева биылғы оқу жылы гимназия үшін жетістікке толы болғанын атап өтті.

- Мектебіміз мен облысымыздың абыройын олимпиадалар мен ғылыми жобаларда, өзге де білім байқауларында асқақтатып жүрген оқушыларымыз бен олардың мұғалімдеріне алғыс білдіремін, - деді Күләзи Оразбаева. – Бүгінгі кеште мақтаныштарымызды марапаттаймыз. Сіздерді осы жылды жоғары деңгейде аяқтап, жаңа оқу жылына жаңа күшпен келеді деген үміттемін.

Айта кетейік, гимназияның оқушыларын республикалық додаларға дайындаған ұстаздардың қатарында тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталов, биология ғылымдарының кандидаты Наталья Корогот, математика пәнінің аға оқытушысы Бори Горшков, Ж. Аймауытов атындағы театрдың актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бейбіт Шәнім бар.

- Облысымызың білім саласында Ы. Алтынсарин ұжымының алатын орыны ерекше, - дейді Павлодар облысы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Ғаждембек Тұрсынов. – Бір қызығы, 5-6 сынып оқушылары арасында өткен олимпиадада бұл мектептің оқушылары бірінен-бірі қалмай жүлдегер атанды. Бұл дарынды түлектеріміздің талантты ізбасарлары бар екенінің дәлелі. Бәріңізге сәттілік пен денсаулық тілеймін.

Кеш барысында ұстаздармен қатар оқушылар «Ел үміті», «Шабыт», «Өңір өрені», «Білім биігінде» және «Алаш арманы» сияқты номинациялар бойынша марапаттарға ие болды.

Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz

Тэги: Ы. Алтынсарин гимназиясы, Дарын-2018, қоғам