«Цифрлы технологияларды қолдана отырып энергияны үнемдеудің заманауи тәсілдері» атты дөңгелек үстел барысында қазақстандық және ресейлік сарапшылар бюджеттік ұйымдардағы энергияны үнемдеудің тәжірибесімен бөлісті.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Абулкалыков өңірімізде энергияны үнемдеуге айтарлықтай көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті.

- Павлодар облысы - еліміздегі индиустриалды аймақтың бірі, - деді Мұрат Абулкалыков. -  Түрлі институттармен бірге біз энергия үнемдеу бағытында жұмыстар атқарып жатырмыз. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағытында бірқатар бастамалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында қуат көздерін тиімді пайдалануды тапсырған болатын. Тапсырып қана қойған жоқ, үнемі жеткен жетістіктердің көрсеткішін белгілеп отыруды жүктеді. Содан бері  аймақта индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында бой көтерген кәсіпорындардың барлығында энергияны үнемдеу шарасы басты назарда.

 Спикердің айтуынша, өңіріміздегі әлеуметтік нысандардағы энергияны үнемдейтін жылу және электр есептегіш құралдарын орнатудың нәтижесінде өткен жылы облыста бір миллион киловатт-сағат электр энергиясы үнемделген.

Шараға қатысқан ресейлік мамандар да энергияны үнемдеуге айтарлықтай көңіл бөлінетінін  жеткізді.  Көрші мемлекеттің тәжірибесі Қазақстан үшін өте қызықты әрі маңызды. Егер Ресейде бірнеше жыл бойы отын-энергетикалық ресурстарын тұтынуды бақылау онлайн түрде жүргізіліп келсе, біздің еліміз бұған енді ғана қадам басуда.

- Бізде бұған дейін тұтынушылармен тек сайт арқылы байланыс орнатылған, - дейді Свердлов облысының «Н.И.Данилов атындағы энергияны үнемдеу институты» мемлекеттік-бюджеттік мекемесінің директоры Сергей Банных.  - Алайда, көп ұзамай, сайттың жұмысын тексеру барысында сәйкессіздіктер байқала бастаған. Осылайша, институттың мамандары тексеру жұмыстарын жүргізе келе құрамына алты жұмыс модулі кіретін аймақтық ақпараттық-сараптамалық жүйе әзірлеген.  Бұл тәсіл энергия үнемдеуге  және жергілікті билікке өңірдің энергетикалық әлеуетін анықтауға мүмкіндік берді.

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика