Аймақ басшысы Башқұртстан Республикасына іссапары барысында мұнай-газ химия форумына қатысты. Форум алаңында 10 мемлекеттен 350 компания өз тауары мен жетістігін ұсынды. Олардың арасында мұнай-газ және мұнай-химия саласындағы   «Башнефть» КАҚ,  «Транснефть», «Башкирская содовая компания», «Газпром Межрегионгаз Уфа» атты ірі компаниялар бар.

Башқұрстан мемлекетінің басшысы Рустэм Хамитовпен «Газ. Мұнай. Технологиялар» көрмесін тамашалаған соң, Болат Бақауов форумның негізгі пленарлық отырысында сөз сөйледі.

- Башқұртстан – мұнай-газ технологияларын жетілдіріп отыратын Ресейдің бірден-бір орталығы, - деді облыс әкімі. – Сондықтан да Ертіс өңірі үшін сіздердің тәжірибелеріңіз аса маңызды.  Қазақстанның ірі индустриалдық және экономикалық аймағы болып саналатын Павлодар облысы әр уақытта инновацияларды енгізіп,  жетілдіруде. Осындай форумдар тәжірибе алмасуға және жаңа технологияларды іздеуде септігін тигізері сөзсіз.

Болат Бақауов өткен жылы ғана жаңғыртудан өткен «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-нің екі жаңа бағыт бойынша жұмыс жасауды жоспарлап қойғанын айтты. Бұл  - дөң  мұнай шламын қайта өндіру мен гудронды  асфальтизация  құрылғысын енгізу.

- Мұнай қалдықтарынан ашық мұнай азығын шығару және автокөлік доңғалақтарын қайта өндіруден өткізу мәселесі әлі де шешілмей тұр, - деді ол. – Сондықтан да аймақта мұнай-химия өндіру өнеркәсіптері бола тұра, ресейлік әріптестермен тәжірибе алмасу ойымызда бар. Бұл бағыттың дамуы екі елдің де инвестициясы мен сауда-саттық байланысын дамыта түседі.

Болат Бақауов «Павлодар» экономикалық аумақта салық, инвестицияларды  қайтару  мен мемлекет есебінен инфрақұрылым бойынша сұрақтарға баса назар аударды. Сондай-ақ форум қатысушыларын бірлесе отырып бизнес құруға шақырды.

Айта кетерлігі, Павлодар облысының әкімі жаңғыртудан өткен изопропилбензолды өндіру құрылғысының  тұсаукесеріне қатысты. Кәсіпорында «УфаОргСинтез»  Рустэм Хамитов, Болат Бақауов және «Башнефть» компаниясының топ-менеджерлерімен қондырғыны іске қосу тетігін бірге басқан болатын. Жаңартылған станция изопропилбензолдың жылдық шығару мөлшерін 170 мың тоннаға дейін ұлғайтады.

 

Фариза Қазыбекқызы

Фото:Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам