Бұл  туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Қамалова мәлім етті.

- Демалыс орнында  егде жастағы адамдар үшін ара ұясындағы ұйқы енгізілген, - дейді Гүлнар Қамалова. – Мұндай әдіс адамның  жүйке жүйесін тыныштандырады. Яғни, бұл адам жанына таптырмас шипа береді. Зейнеткерлер  қатты жақсы көреді. Бүгінгі күні Павлодарда үлкен тізім құрылды. Себебі, қаладан алшақтық пен керемет табиғат аясы адамдарға ерекше әсер етеді. Сондықтан олар сол жерде өздерін  шипажайда жүргендей сезінеді. Арнайы ванна мен  хамам қызықтырады. Бұған қоса, қызмет көрсету сапасын  да атап өткен жөн.  

Спикердің айтуынша, шипажайдағы зейнеткерлерді сауықтыруға биылғы жылы  бюджеттен 64,3 млн теңге бөлінген.  Бүгінгі күнге дейін 498 адамға қызмет көрсетілген  болса, 2018 жылы 1320 адамды қамту көзделіп отыр.

Еске сала кетейік, «Черноярская жемчужина» демалыс орнында мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында «Зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғаларға әлеуметтік қызмет ұйымдастыру» жобасы жүзеге асырылуда. Мұнда ауылдық және өңірдегі 55 адамға қызмет көрсету  қарастырылған.  Өткен жылы 300-ден астам адам сауықтырудан өткен.

Дәрігерлердің тағайындауы мен бақылауы бойынша физиотерапевтік ем, массаж, емдік дене шынықтыру мен галокамера фито-бар қарастырылған. Болашақта қызметтер тізімін Мойылды шипажайының батпақ аппликациясымен толықтыру мақсатында екі арнайы апи үйшік салынбақ. Мұндай үйшікте ұйықтаған кезде аралар адамның барлық ауруы мен шаршауын  тартып алып, жаңа күш-қуат береді.

Ақбота Сейсенбаева

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қымыз