Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында қызыл кілемнің үстімен жүріп өткен «Жылдың үздіктеріне» қошемет көрсетілді.

Сахна төрінде сөз алған аймақ басшысының орынбасары Мейрам Бегентаев барлық мәдениет және өнер қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтады.

- Әр мерекелік шараны ұйымдастырып, соны жүзеге асыратын – Сіздерсіздер, - деді Мейрам Бегентаев. - Халық демалған сәтте де жұмыс  істейсіздер. Бойдағы өнермен елді тамсандырып, алғысына бөлену - үлкен бақыт. Әр мейрамнан рухани дем алып, қалың қауымға мәдени байлық сыйлап жүргендеріңіз үшін бәріңізге алғыс білдіргім келеді. Шығармашылық табыс тілеймін.

Салтанатты кеште 50-ден астам мәдениет және өнер саласының үздігі Павлодар облысы әкімі мен ҚР Мәдениет және спорт министрінің, ҚР кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен және «Жыл үздіктері» аталымында марапатталды. «Еңбек даңқы» төсбелгілері табысталды.

Сонымен қатар, Павлодар педагогикалық университетінде ашылған студенттер филармониясына кәсіби музыкалық аппарат кешені сыйға тартылды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы жасаған рейтінгі бойынша үш үздік аудан анықталды.

Бірінші орынды иеленген Баянауыл ауданы музыкалық аппаратураға тегін сертификат ұтып алса, екінші орынды Екібастұз қаласы қанжығасына байлады. Кеншілер шаһарындағы кітапханада «NFC Kazakhstan» компаниясының атынан коворкинг орталық ашылады. Үшінші орынды жеңіп алған Ақтоғай ауданына сахналық киім тігуге 500 мың теңгелік сертификат берілді.

- Мен Ертіс ауданында әдістемелік бөлім меңгерушісі болып сегіз жыл жұмыс істеймін, - дейді «Жылдың ең үздік әдіскері» Нәзира Баязова. – Еңбегіміздің еленгені қатты қуантады. Бізде таланты жастар өте көп. Бірқатар ауқымды жарыстардан жүлделі орындарға ие болды. «Ertis star» жобасына төрт үміткер жолдама алды.

Айта кетейік, концерттік бағдарлама барысында ресейлік эстрада жұлдыздары павлодарлықтарды мерекемен құттықтап, видеосәлемдеме жолдады. Отандық эстраданың жарық жұлдыздары Ринат Мальцагов пен Меруерт Түсіпбаева өнер көрсетті.

Абзал Қабдраш
Фото: Дархан Өмірзақов

pavlodarnews.kz

Тэги: Мәдениет және өнер қызметкерлері күні, Павлодар, мәдениет