«Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ адам ресурстарын басқару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Татьяна Носачеваның айтуынша, биыл үшінші рет екі күн қатарынан өтетін байқау екі кезеңнен тұрады: іріктеу және соңғы  мәре.

-  2018 жыл мерейтойларға толы, - дейді Татьяна Носачева. – Біздің станция  50 жылдығын атап өтеді. Осыған орай «Екі жұлдыз» шарасын ұйымдастырып отырмыз. Бұл жолы өңірдегі және қаладағы өнеркәсіп кәсіпорындарын шақырдық. Олардың  ішінде «Қазақстан электролиз зауыты», «Қазақстан Алюминийі», «Еуразиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ, Павлодар машинажасау зауыты», «Қазхром» ТҰК АҚ-ның Ақсу ферроқорытпа зауыты бар. Сондай-ақ, Ақсу қаласының көркем өнерпаздары қатысады.  Біз Қазақстанда келісім мен бейбітішілікте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бұл  жолы еуропалық және азиаттық ұлт өкілдері қазақ және орыс тілдерінде ән салып, өздерінің вокалдық мүмкіндіктерін көрсетсе екен деген ой туындады. 

Кәсіпорынның вице-президенті Ақсу электр станциясы жыл сайын «Шеберлер елі»  байқауы мен инноваторлар форумын өткізетінін атап өтті.

-  Бұл байқау ERG компаниясында дәстүрге айналған шаралардың жалғасы десе болады, - дейді Татьяна Носачева. – Біз спорт мен мәдениетті үнемі қолдаймыз. Кәсіпорында 60 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Станцияның электр дәнекерлеушісі Гүлнар Шуленова Наталья Васильевскаямен бірге Шәмші Қалдаяқовтың «Өмір - өзен» әнін орындады.

-   Станцияда 20 жыл жұмыс істеп келемін, - деді Гүлнар Шүленова. –  Көптен бері ән айтамын және «Екі жұлдыз» байқауына үшінші рет қатысып отырмын.  Бұған дейін жүлделі орындарға ие болғанмын. Мұндай байқаулар жұмысшылардың рухын көтеру және шығармашылық тұрғыдан дамыту үшін керек. Наталья Василевская  әннің бір шумағын орыс тіліне аударды.

 Келесі қатысушы Артемий Прохоров Ақсу электр станциясы автоматтандырылған басқару жүйесінің ауысымдағы инженері болып жұмыс істегеніне жеті жыл болған.  Ол  да  сахна төріне алғаш рет шығып отырған жоқ.

-  Осымен үшінші рет қатысудамын, - дейді Артемий Прохоров. – Байқаудың ерекшелігі - техникалық білімі бар адамдардың ешқандай дайындықсыз  өнер көрсетуінде. Бүгін біз Рысбек Сағынаевпен бірге «Қайран жеңгем» әнін шырқаймыз. Қазақ тілінде алғаш рет ән айтамын. Сондықтан толқу бар.

Ең үздік атану үшін сахна төріне барлығы 13 вокалдық жұп шығады. Жеңімпаздар бүгін анықталады.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: автор

 

pavlodarnews.kz

Тэги: общество