Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Облыс әкімі Даниал Ахметов шығысқазақстандық спортшыға пәтер мен «Peugeot» автокөлігінің кілтін, 16 млн теңгенің сертификатын табыстады.

Қазақстан тарихында могул спортынан тұңғыш Олимпиада медалін жеңіп алған Юлия Галышеваға ойындарға жиналған көпшіліктің қошеметі ерекше болды. Осылайша төрт күнге созылатын ойындардың шымылдығы жағымды жаңалықпен ашылды.

«Шығыс Қазақстанның барлық тұрғындарына алғыс айтқым келеді. Туған жерде мұндай құрметке бөлену Олимпиадада медаль таққан кездегідей қуаныш сыйлайды екен. Мұндай құрмет пен үмітті ақтау үшін әлі де жаттығуымды шыңдай түсемін» - деді Юлия Галышева.
Спортшының анасы Светлана Галышева кешеден бері үйлерінде тойға бергісіз қарбалас болып жатқанын айтады.

«Әзірге беретін пәтердің неше бөлмелі екені белгісіз. Карл Маркс көшесінің бойында екенін ғана білеміз. Жаңадан салынып жатқан жақсы аудан ғой. Бүгін түстен кейін пәтерді көріп, құжаттарын рәсімдейді. Қатты қуанып отырмыз. Сочиде оған ведомствалық пәтер берілген болатын. Енді онда қызымның бапкері тұратын болды. Қыста алған медальдің жемісін жазда көріп жатырмыз» - деді ол.

pavlodarnews.kz

Тэги: