Бұл туралы  ҚазАқпарат агенттігі хабарлайды.

 Ал шетелдің тауарлары тек дүкенге түскенде ғана тексеріледі. Оған бюджеттің қаржысы жұмсалады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақстанның жұмыртқа өнімдерін өндірушілері қауымдастығы импорттық тауарларды өз есебінен тексеруді ұсынып отыр. Өйткені кейбір аймақтарда бюджет тапшылығынан, болмаса, адам жетіспеушілігінен сырттан келетін тауарлар тексерілмей жатады. Ал импорттың ішінде сапасыз тамақ өнімдері аз емес.

«Мәселен, отандық өнімдер бірнеше тексерістен өтеді. Заңға сәйкес, кәсіпорынның өзінде бір тексеріс бар. Ветеринарлық бақылау ай сайын жасалады. Сосын біз өз еркімен тоқсан сайын қоғамдық денсаулықты сақтау комитетіне сынама тапсырамыз. Демек, Қазақстанның тауар өндірушілерін үнемі тексеріп отырады. Ал импорттық тауарлар өз құжаттарымен келеді. Бірақ біздің органдар көп тексеріс жасамайды. Денсаулық сақтау министрлігі сынама алады. Оған бюджеттен ақша да бөлінеді. Ал қаржы тапшылығы мен маман жетіспеушілігі салдарынан әрбір өңірде ондай шараларды атқару оңай емес. Біздіңше, сырттан келген тауарларды импортерлердің есебінен тексеру керек. Өкінішке қарай, қазіргі заңнамада ондай норма жоқ», - деді қауымдастықтың басшысы Максим Божко «Атамекен» ҰКП-сында өткен кездесуде.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі импорттық тауарларды тексеру шараларына бюджет қаражатының жұмсалатынын растады. Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің айтуынша, ағымдағы жылы тамақ өнімдерін тексеруге 80 млн теңге қарастырылған. Отандық тауар өндірушілері шекарада ветеринарлық бақылауды енгізу керек деп санайды. Тұрақты бекеттер болмаса да, жылжымалы зертxаналарды ұйымдастыруға болады.

«Әрине, әрбір партияны тексеру қиын. Дегенмен, нақты бір талап болуы қажет. Егер белгілі бір импортердің өнімі сапасыз болып шықса, онда келесі жолы оның тауарларын елімізге кіргізбеу керек. Енді, біз Еуразиялық экономикалық одақ мүшелеріне шектеу қоя алмаймыз. Дегенмен, шекарада ветеринарлық тексерісті ұйымдастырып, көрші мемлекеттердің тауарларын бақылап отыруға болады немесе жылжымалы ветеринарлық зертxаналарды қолға алуға болады. Ондай тәжірибе Ресейде бар», - деп атап көрсетті М.Божко. Айта кетейік, бүгін Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин отандық құс етін жеуге кеңес берді. Себебі Ресей мен Беларусьтан келген тауық етінен сальмонелла таяқшасы табылған. Денсаулыққа қауіпті өнім бірнеше облысқа тарап кетті.

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам