Жеке тұрғын үй құрылысы ауданындағы бірнеше құрылыс учаскесімен танысқан Болат Бақауов биіктігі бір метрден аспайтын іргетастың тереңдігіне назар аударды.

Аймақ басшысының айтуынша, біздің климаттық жағдайда,  яғни қыс мезгілінде топырақ 2,6 метрге дейін қатып қалады. Сондықтан  мұндай биіктік жеткіліксіз.

-  Бұл үйлерді  үнемі ылғал басып тұрады, - деді облыс әкімі. – Құрылыс нормалары мен ережелерін сақтау қажет. Егер де ертең  осы үйлерге қатысты бір келеңсіз жағдай орын алып жатса, үй иелері құрылыспен өздері айналысып жатқандығына қарамастан әкімдікке келеді. Жеке тұрғын үй құрылысын бақылау қажет.

Ақсу қаласының әкімі Николай Дычконың айтуынша, екі айдан кейін жеке тұрғын үй құрылысына берілген шағын ауданда кем дегенде 100 үйдің қабырғасы тұрады. Болат Бақауов тамыз айының басында қала әкімінің бұл болжамы орындала  ма екенін өзі келіп тексеруге уәде берді.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысымен де танысты. Бес қабатты тұрғын үйлердің біреуі ERG компаниясының есебінен тұрғызылуда. Құрылысшылар кестеге сай үлгеріп жатқанын айтып, Астана күні баспананы қолданысқа береміз деп сендірді.  

Дегенмен, көрші алаңда жұмыс істеп жатқан «ДСК Монтаж» ЖШС межеленген мерзімнен артта қалуда. Мердігер банктен кепілдікті кеш алуына  байланысты жұмысқа  уақытылы кіріспеген. Нәтижесінде 280 миллион  теңге бюджет қаржысы игерілмей қалған.

-  Өңірде дау тудыратын жалғыз ғана мердігер бар, - деді облыс әкімі мердігерлік ұйымның өкілдеріне. – Бұл –  үй салу комбинаты. Біз сіздерге көмектесуге дайынбыз, алайда кестені сақтамайтын болсаңыздар түбегейлі шешім қабылдаймыз.

Бұдан басқа, Болат Бақауов қалалық жылу қазандығының құрылысы мен зәрнәжіс станциясының қалай қалыпқа келтіріліп жатқанын қарап шықты. Бірінші  нысанда ешбір сұрақ туындамаса, екінші учаскеде бірқатар қиындықтар бар екені анықталды. Облыс әкімі «Таза Стар» ЖШС мердігерлік ұйымын бақылауға алып, күн сайын құрылыс алаңына барып отыруды тапсырды.

Томирис Бекжан

 Фото: Дархан Өмірзақов

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика