Бұл туралы агенттікке Павлодар облыстық Ұлттық сараптама орталығының  энтомологы Ануар Алшын айтты.

-  Әдеттегідей қансорғыштардың көзін жою  судан басталды, - дейді Ануар Алшын. - Григорьевка - Жаңа-қала бағыты  бойынша жүрген баржа өзенге  15 тонна адам өмірі мен флора және фауна үшін қауіпсіз «Бактицид» препаратын құйды.  «Кукурузник» арқылы үш рет жоғары көтеріліп, Ленин кентінен Нахаловка ауылына қарай химиялық препарат шашыратты. Ертістің сол жақ жағалауы бойымен Кенжекөлге қарай тағы бір рет  ұшақпен өңдеу шаралары жүзеге асырылды.

Маманның айтуынша, Ақсу қаласынан Белая және Ертіс өзендерінің арасына, нөмір 1 сорғы станциясының аумағы ерекше назарға алынған.  Сол жерде G-тәрізді арал бар. Сонымен қатар облыс орталығында кенжекөлдік саяжайлардан бастап, Павлодарское ауылына дейін өңделді. Ұшақ арқылы  әрбір шыққан сайын 1200 литр химиялық препарат жұмсалады.

Энергетика және ТҮКШ басқармасы мердігерлік ұйыммен бірге  жағалаудың төменгі саласында әуеден өңдеу жұмыстарын жүргізді.

- Бұл екі қабатты өңдеу, - дейді  Ануар Алшин. – Ұшақ арқылы ағаштардың қабығына жасырынған қанаттанған қансорғыштарды, тұман генераторы мен «шырақтар» шөптер мен бұталардың арасындағы шыбын-шіркейді улайды. Осылайша, қансорғыштардың таралуына тосқауыл қоямыз.

 

 Еске сала кетейік, Павлодар облысының аумағында шамамен 200 тонна биологиялық және 4,5 мың тонна химиялық препарат жұмсау жоспарлануда.   Энтомологтардың пайымдауынша, мамандар өңірдегі қансорғыштардың 80-85 пайызын жоюды көздеп отыр.
 

Томирис Бекжан

Фото: Светлана Воронова

 

pavlodarnews.kz

Тэги: общество