Павлодар қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2016 жылдың қазан айында Ленин кентінде «Ай-су Мелиорация» ЖШС 420 метр ұңғыма қаза бастады. Қысқы мерзімде жұмыс тоқтатылып, тек наурызда жалғасты. Кейін мердігер фирма тағы үш ұңғыма қазып, су тартқыш станция мен су айдауыш мұнара тұрғызып, гидравликалық сынақ жүргізді. Жобаға сәйкес барлық жұмыс наурыз айында аяқталуы тиіс болатын. Десе де, үйлерге су құбырларын тарту жұмысы сәуірде ғана басталғандықтан мерзім шегерілді.

«Ай-су Мелиорация» ЖШС басшылығының айтуынша, құрылысты дер кезінде аяқтауға темір жол себеп болды. Қазіргі уақытта «Жолқұдық элеваторының» маңында  өтетін темір жолдың қасында жұмыс жүргізуге рұқсат алынды.

- Ленин кентіндегі жұмыс ақырандап аяқталып келеді, - деді кент әкімі Дәулет Тайгулин. - «Ай-су Мелиорация» ЖШС су жүйесін тазартумен айналысып жатыр. Бүгінгі күні 350 үй суды пайдаланып жатыр. Ал, білім беру мекемелері, әлеуметтік нысандар мен «Рубиком» ЖШС маусымның соңына дейін суға қосылатын болады. Жалпы су құбырлары ұзындығы 54 шақырымды құрады, 850 құдық қазылды.  

Көшелерде орналасқан құдықтардан әр үйге дейін су құбырларын тартумен «ЭкоСервис» ЖШС мен «Севказэнергия» ЖШС айналысып жатыр.

-  Жоба бойынша су құбырлары 2800 үйге тартылады, ал оның қосылу мерзімі тұрғындардың қаражатына байланысты, - деді Дәулет Тайгулин. – Су үйге дейін тартылды, енді үйдің ішімен су құбырларын орнату жұмысын әр адам өзі айналысады. Бұған 35-тен 100-мың теңгеге дейін ақша кетуі мүмкін. Барлығы құдық пен үйдің арасындағы қашықтыққа байланысты. Бір құдық  ек-үш үйге қызмет етеді.

Құрылыс бөлімінің жетекшісі Асхат Омаровтың сөзінше, жобаны «Моспроект» ЖШС жасады. Оның құны 2 миллиард 100 мың теңге.

- Су ыдыс және кір жууға өте керек, - деді Мәметова көшесінің тұрғыны Салтанат Сәрсенбаева. – Жазғы уақытта бақша суарамыз және өзіміз жуынамыз. Су біраз тазарғаннан соң оны ішуге де пайдалана бастаймыз.

 

Фариза Қазыбекқызы

Фото:Елизавета Весленева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы