Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында  облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы айтты.

- Салтанатты шараны орталық жағалауда өткізу туралы шешім қабылдаудың бірнеше себебі бар, - деді Дінислам Болатханұлы. –  Былтырғы жылдары стадионға шектеулі адамдар ғана арнайы шақыртумен  келіп, қалалық 1600 түлек қана қатысатын.  Сондықтан бұл жолы «Түлектерді  бүкіл қаламен шығарып саламыз!» деген ұранмен маңызды сәтте ата-аналар мен туыстары түлектердің қасында бола алады. Биыл барлық 209 «Алтын белгі» иегері шақырылды.  Салтанатты жиынға облыс  әкімі Болат Бақауов қатысып, түлектермен вальс билейді деп күтілуде.

Өңірдің бас ұстазы кеш барысында қайырымдылыққа бағытталған  «Үлкен өмірге игі іспен» қозғалысы жарияланатынын атап өтті.

-  Осылайша, жастар жаңа өмірді Ертіс жағалауында қарсы алады, - деді Дінислам Болатханұлы. - Шараны Қазақстанның эстрада жұлдыздары Серікбол Сайлаубек пен Анар Батырхан  жүргізеді. Бұдан басқа, көптеген тосынсый күтіп тұр. Қазақстандық  «BN» тобы және «Самая вышка» танымал хитын  орындаушылар  Raim & Artur  келеді. 16 шілдеде сағат 20.00-де ресейлік «Белый орел» тобы өнер көрсетсе, сағат 22.00-де тұрғындар отшашуды тамашалай алады. 17 шілде күні сағат 20.00-де «Ертіс-Баян жұлдыздары» гала концертіне Жанар Дұғалова, Роза Мұқатаева, Меруерт Түсіпбаева  және Ринат Малцагов шақырылды.

Спикердің айтуынша, дезинфекция шараларын жүргізетін ТҮКШ бөлімі  бұл күні шыбын-шіркей түгілі, бір де бір жәндік  өтпейді деп уәде берген. 

Синоптиктердің болжамынша, ауарайы ашық  және жауын-шашынсыз болады.  

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, білім