Ұлы өнерді ұлықтап, сынға түскен жүйріктер үш топта өнер көрсетті. Әр қатысушы үш күйден орындады.

Балғындардың өнерін елімізге танымал күйші-домбырашылар бағалады. Қазылар алқасына ҚР Мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының және Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті, өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазы төрағалық етті. Сондай-ақ қазылар алқасының құрамында күйші, зерттеуші, өнертану ғылымдарының магистрі, ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, халықаралық, республикалық күйшілер байқауының лауреаты Рүстем Нүркенов, Қазақ Ұлттық өнер университенің музыкатану мамандығы бойынша PһD докторанты, халықаралық, республикалық күйшілер байқауының бас жүлдегері Айтолқын Тоқтаған, қоғам қайраткері, өнер жанашыры, Павлодар облысы және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Қорабай Шәкіров, Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің халық аспаптар бөлімнің меңгерушісі, ұстаз, республикалық күйшілер байқауының лауреаты Ернат Мотышев болды.

Байқаудың қорытынды кезеңінде Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов өнерпаздарға алғысын білдірді.

-    Биыл Астана қаласының 20 жылдығымен бірге тарих тұнған байырғы мекен Павлодар облысының - 80, Баянауыл ауданының 90 жылдық мерейтойлары, - деді аудан басшысы. – Осынау мерейтойлармен шаттанған көңіліміз – өздеріңіз бас қосқан күй мерекесімен қайта шарықтап тұр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «... ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайды...», - деп атап өтті. Сондықтан Ұлттық мәдениет –  өнерімізге, тарихымызға, әдебиетімізге тоғысып жатыр. Қасиетті домбыраның шанағынан күй төккен жас күйшілер өнерлерін ортаға салды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді өз атымнан және аудан халқы атынан құттықтаймын!



Салтанатты марапаттау рәсімінің шарықтау шегінде «Бас жүлде» иегері анықталды. Мыңнан тұлпар атанған Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің оқушысы Данагүл Баркен байқаудың «Бас жүлдесімен» мәртебеленді. Оразгелді Әліғазыұлы сонымен бірге қазылар алқасын ІІ республикалық «Күй-құдірет» жас домбырашылар байқауында балғындардың өнерін әділ бағалағаны үшін Алғыс хатпен марапаттады.

Қазылар алқасының төрағасы – ҚР Мәдениет қайраткері, өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазы «Кіші топта» үздік атанған Жамбыл облысынан келген Бақдәулет Жанатбекке, «Орта топта» оза шапқан астаналық Амалбек Омарбековке, «Жоғары топта» жарқылдаған Ақмола облысының үміткері Диас Орынбасарға бірінші орын жүлдесін тапсырды.

Еламан Қабділәшім

pavlodarnews.kz

Тэги: Баянауыл, Рухани