Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.
 
Мәнерлеп сырғанау жұлдыздары, жанды музыка, театрлық қойылым, инновациялық техникалық элементтер - осының барлығы Денис Теннің мұзды шоуынан көрініс тапты. Аталған шара Астананың 20 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Ерекше шоуда Каролина Костнер, Елена Радионова, Алена Савченко, Бруно Массо, Ян Хан және тағы басқа мәнерлеп сырғанаудан әлемдік деңгейдегі спорт шеберлері өнер көрсетті. Әрбір мәнерлеп сырғанаушы өнерімен тәнті етумен қатар Қазақстан туралы ыстық ықыластарымен бөлісіп, оның ішінде Астананың әлемде ешқандай қалаға ұқсамайтын, өзіндік ерекшелігі бар екенін айта келе елорданың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Денис Тен көрсеткен ерекше қойылымдардың бірі - Димаш Құдайбергеннің әніне дайындалған арнайы бағдарлама.

«Бұл қойылымды Пхенчхан қысқы Олимпиадасының финалында көрсетуім керек еді, өкінішке қарай ол кезде сәті түспеді, сондықтан дайындығымның көп уақыты жұмсалған бағдарламамды бүгін көрсетудің реті келген секілді», - деп, өз ойымен бөлісті ол.
Көрермендер үшін шараның басты тосынсыйы шоу соңында Денис Тен және оның достары қазақтың ұлттық киімінде, қазақ ұлттық-симфоникалық оркестрінің қолдауымен өнер көрсетуі болды. Тәнті болған көрермендер орындарынан тұрып, ду қол шапалақпен ерекше ықыластарын білдірді.

Мұзды шоудағы қойылымдар мен айрықша декорация, әдемі костюмдер мен мәнерлеп сырғанаудағы қайталанбас қимылдар Астана тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

pavlodarnews.kz

Тэги: