Бұл туралы мешіттің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауызашарға мешіт жамағаттары, қалалық мүгедектер ұйымы, зағиптар ұйымы, зиялы қауым өкілдері,  қаланың құрметті азаматтары, студенттер, жастар өкілдері, ардагер аталар мен апалар  қатысты.

Ауызашар дастарханында ҚМДБ-ның өкілі, «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы  қасиетті Рамазан айындағы ораза құлшылығы туралы кең көлемде тағылымды уағыз айтты.

Өкіл имам өз сөзінің соңында  500 адамды қамтыған мол дастархан жайып, қасиетті Рамазан айында «Алла ризашылығы үшін!» деген шын ниетімен сауаптарын еселеп жатқан өңірімізге танымал жас кәсіпкерлерге ҚМДБ Павлодар облысының өкілдігі атынан арнайы алғыс хаттар табыс етті.   

-  Сізді жомарт, жанашыр азамат, қайырымды кәсіпкер ретінде көпшілік жақсы таниды. Көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуде, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, ауылдағы ағайынға көңіл бөлуде қолыңыздан келген көмекті аяған емессіз.  Жасаған әр жақсылығыңыз жаныңызды Жәннатқа жетелесін! Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазанда жасаған амалдарыңыз бен ізгі ниеттеріңізді Алла Тағала қабыл еткей! Отбасыңыз аман, кәсібіңіз нәсіпті болып, әрбір игі бастамаларыңыз баянды болғай!», - деп жазылған алғыс хатта.

Сондай-ақ ауызашарға қатысушылар да сөз алып, қашан да  осындай игі істердің ұйытқысы болып келе жатқан мешіт ұжымына алғыс  білдірді.

Дастархан соңы дүниеден өткен ата-бабалар рухына Құран бағышталып, абыз ақсақалдардың  болашаққа жақсылықтар мен жетістіктер тілеген алқалы батасымен байыды.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам