Облыс орталығындағы «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлының айтуынша, ауызашар мен сәресінің арасы аз ғана уақыт болғандықтан, тарауих намазынан кейін аздаған уағыз айтылады.

- Бұдан кейін жамағаттың дұға жасауына мүмкіндік беріледі, - дейді Амантай Тойшыбайұлы. - Адамдар дұға жасап болғанша сәресінің де уақыты кіреді. Мешіт асханасында екіге бөліп, сәресі беріледі.

Қасиетті кеште атқаратын амалдар

Ислам ғұламалары қасиетті Қадыр түнін төмендегіше атқаруды үндейді:

• Қадір түнінде Алла ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек.

• Құран Кәрім оқып, тыңдап, түсінуге ынта қойып, оған деген сүйіспеншілік байланыс орнатуға тиістіміз.

• Алла Елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, шапағатынан үміттеніп, оның үмбетінен болғанымызға шүкіршілік жасап, оның жолын берік ұстануымыз шарт.

• Мешітке барып уағыз-насихат тыңдап, жүректі кір-қоқыстан шайып, көңіл айдынын илаһи нұрға толтыруымыз керек.

• Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін мамандарымен сұхбат құрып, мұсылман үмбетінің бірлігі мен ынтымағын арттыруға мән беруге тиістіміз.

• Жаббар Хаққа тәубе мен истиғфар жасап, нәпсімізді есептен өткізіп, қателік жасаудан сақсынып, қайырлы істерді жасауға құмбыл болуымыз шарт.

• Алла Тағаланы зікір етіп, тафаккур жасап, Ұлы Жаратушының құдіретімен жоқтан бар жаратылыстың сырларын ұғынуға ұмтылып, иман һәм иһсан байлығын күшейтуіміз қажет.

• Дәйім дұға жасауымыз керек. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін бұл түні: «Уа Аллам! Сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр» деп дұға жасауға шақырған.

• Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болса, мүбәрак түннің рухымызға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүректен орын алады.

• Қадір түні Раббымыздан бүкіл исі бүтін мұсылман үшін дұға-тілек жасауымыз керек. Қала берді, бейбіт ғұмыр сұрап: «Күллі адамзатты апаттардан сақта» деп тілеуіміз шарт.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам