Алдымен халық қалаулылары Лермонтов көшесінде орналасқан қалалық №34 жалпы білім беру мектебіне барды. Білім ошағының директоры Болат Айғожиннің сөзінше, биыл үш мезгіл тамақтандыратын, ұзақтығы 15 күндік, екі маусымдық лагерь ашылған.

-  Алғашқы маусымдағы  лагерьде 1-4 сынып оқушыларынан құралған 290 бала демалуда. Екінші маусым 25 маусымда ашылады. Сенбі-жексенбі күндері оқушылар демалады. Ал жоғары сынып оқушылары мектеп ауласында көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарымен айналысуда. 9 және 11 сынып оқушылары мемлекеттік емтиханға байланысты мұндай жұмыстардан босатылды, - дейді мектеп директоры.

Мектеп басшысының айтуынша, тұңғыш рет лагерь этноауыл стилінде безендірілген. Тіпті, балалардың жатын бөлмелері бірнеше ұлттың стиліне сай әрленген. Балалар үшін робот техникасы үйірмесі де жұмыс істейді.

-  Оқушылардың  жазғы лагерьге қатысу деңгейі 100 пайызды құрайды. Аз қамтылған отбасылардың балаларына 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Ал жетім балалар тегін қамтылады. Біздің мектепте мұндай қолдауға 4 бала ие болып отыр. Лагердің құны қалалық мектептерде 7440 теңгені құрайды, - дейді ол.

Мәслихат депуттары балалардың жатын бөлмесі мен асхананы, ойын алаңдарын аралады. Бұдан бөлек, №29 жалпы орта білім беру мектебіне де барды. Мұнда мектеп жанындағы және профильді лагерьде 600-ден астам бала демалуда. Лагерьде  балалар үшін бірнеше бағыт жұмыс істейді. Мәселен, шахмат  пен робот техникасы үйірмелері, қазақ, орыс және ағылшын тілін үйрететін «Лингвист» мектебі ұйымдастырылады.

-  Лагерьлердің жұмыс істеп жатқанына бір апта уақыт болды. Жоспарға сәйкес балалардың лагерьге қатысу деңгейінің жоғарылығы қуантады. Мектептерде  оқушылардың демалысын тиімді ұйымдастыру үшін барлық жағдай жасалғаны дұрыс. Әсіресе, аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан балалар мен жетім балалардың назарда болуы маңызды. Алдағы уақытта мұндай шаралар жалғасады, - дейді Нәйлә Ахметова.
 

Бұл күні депутаттар «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубы, балалар техникалық мектебін аралады.

Айдана Қуанышева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам