-  Ертіс өңірінің барлық қала, кент, аудан, ауыл мешіттерінің әрқайсысы өз жамағатын арнайы дайындық, белгілі бағдарлама бойынша қарсы алды, - деді  ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлы. - Соның ішінде облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті әр жылдағыдай «Қадыр түнін өткізу» жоспары бойынша жамағатты мешіт кіреберісінен жылы ықыласпен қарсы алды. Олармен құптан  және тарауық намазын бірлесіп атқарды. Келесі кезекте өкіл имам Жолдас Қоспақұлы  қазақ және орыс тілінде уағыздар айтты. Ұлттық «Қазақстан» телеарнасы арқылы тікелей эфирге шығып, ел халқын құттықтады.

Мешіттің «Жастар ісі бөлімі» және «Әйел-қыздар секторы» өз  жамағаттары арасына қызықты викториналық сұрақтар жүргізіп, қатысқан әрбір адамға сый-сияпаттар жасады.



Бір-біріне қасиетті түннің берекесін тілеген қарапайым қауымның осы түнді Алланың үйінде қарсы алып, Жаратушыдан жалбарынып тілейтін дұға-тілектерінің қабыл болатынына деген сенімі үміт тола жүздерінен айқын байқалып тұрды.



Қадыр түнінің қысқа уақытын есептей келе, жамағатқа еркін құлшылық жасайтын уақыт та бөлінді. Соңында мешіттегі 500-ден астам адам төменгі қабаттағы асханаға түсіп сәресін ішіп,  бата-дұғалар жасалды.



Таң намазын бір қауым болып сапта оқыған жамағат алдағы күндерінен Алла Тағаланың мол жарылқауын тілеген ақсақалды аталардың елімізге тыныштық, халқымызға амандық, туған Отанымыз - Қазақстанның көркейіп гүлдене беруін тілеген көркем баталарына алақан жайып бетін сипады.

Алла Тағала баршамыздың ақ ниетпен тілеген жақсы тілектерімізді қабыл еткей!

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, дін