Тоқырап тұрған кәсіпорынның болашағы инвестиция тарту жөніндегі кеңестің отырысында талқыланды.

 Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің айтуынша, өткен аптада тәркіленген спирт бойынша акт толтылу аяқталған. Дегенмен тәркіленген дүние іс жүзінде ешқайда шығарылмаған.  Бұған қоса, жуырда зауыт аумағында спиртті ұрлап кету үшін пломбаны бұзған қаскөйлер қолға түскен.

-  Екі жыл бұрын облыстық прокуратура тексеріс жүргізіп, мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері жұмыстағы салғырттығы үшін жазаланған, - деді Павлодар облысының әкімі. – Қашанға дейін осы спиртті жырлауға болады? Сол спирт ендігі ұшып кеткен де шығар! Ал, жұмыс істеуге ниет білдірген инвесторлар  кірісе алмай отыр. Кәсіпорынға қатысты жаңа ойлары бар.

Павлодарда ресейлік инвесторлар фармацевтикалық өндірісті дамытпақ. Олар ендігі алғашқы қадам  жасап қойған.

-  Базада дәрі-дәрмек өндіру жоспарлануда, - деді «Стандарт 27»  ЖШС директорының орынбасары Еркебұлан Мұсабеков. -  Лицензиясын алып, Павлодарда филиалын ашқан, алайда тәркіленген спирт істің алға басуына кедергі болып тұр.

Болат Бақауов қысқа мерзімнің ішінде мәселені шешіп, жаңа жобаны жүзеге асыруды тапсырды.

 

Томирис Бекжан

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика