Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

«Ақтөбе» футбол командасы кестенің соңында тұрғанымен жанкүйерлердің сағын ешкім сындыра алған жоқ. Бас директор Самат Смаков жыл басынан бері ойыншылар мен жаттықтырушылар алдындағы қарыздың бір бөлігі өтелгенін айтып берді.

«Өкінішке қарай «Ақтөбе» ФК 12 команданың соңында келе жатыр. Соған қарамастан футболшылар мен жаттықтырушыларға алғыс айтамын. Футболшылар өте жинақы, ширақ. Қазір командада «Ақтөбе» үшін жаны ашитын, алаңда бар күшін салатын ойыншылар жүр. 2018 жылы ұтқыр маркетингтің арқасында ФИФА-ның қарауында болған 9 іс жабылды. Бұл шешім арқылы санкция тығырығынан шығып кеттік. Олар: Сандро Цвейба, Михаил Петролай, Егор Сорокин, экс-бас жаттықтырушы Юрий Уткульбаев, Константин Деменко, Олег Нечаев, Сергей Козко, Шрейбл, Витор Жуниор. Маркетинг, жанкүйерлердің арқасында осы мәселе шешілді. Әлі де бірнеше іс бар. Бәрімен байланыстамын, күтуді сұрап отырмын. Кейбірі түсінеді, кейбірінің шыдамы таусылып, ФИФА-ға шағымданды. Ал Неманья Николичке келер болсақ, 5 күн бұрын сөйлестім. Өзімен кездесу керек болып тұр. Себебі, 200 миллион теңгені төлеу мүмкін емес»,- деді «Ақтөбе» ФК бас директоры Самат Смақов.

«Ақтөбенің» тұрақты ойынын Қазақстанның бас жаттықтырушысы Станимер Стойлов та бағалады. Тіпті, 2-3 ойыншыға Қазақстан клубтары ғана емес, шетелдік клубтар қызығушылық танытты.

«Мен, бас жаттықтырушы Владимир Муханов қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. 2018 жылдың қаржысы бөлінді, ешқандай қарыз болмайды. 2014-2017 жылдар арасындағы борышы мәселесі жоспар бойынша шешіледі. «Ақтөбенің» экс-ойыншысы Данило Некоға қатысты да іс қаралып жатыр. Шешімі шыққан соң біз 6 ұпайды кері қайтара аламыз», - деді Самат Смақов.

Данило Неконың қарызы төленсе, «Ақтөбе» ФК биыл өз ойыншыларына еңбекақы төлей алмайтын еді. Сондықтан сот шешімі шыққанша 6 ұпайды беруге келіскен.

«Ақтөбе» футбол клубына қаржы бөлу азайып отырған жоқ. Тек бұрыннан жиналған қарыз бар. Сот процесі жүріп жатқан соң қарыздың нақты мөлшерін айта алмаймыз. Футболшылармен келісімшарт доллармен жүргізілген. Ал бұл Қазақстан заңнамасына қайшы. Облыс әкімдігі «Ақтөбені» Премьер-лигадан алып тастауға жол бермейді. Себебі, жанкүйерлер үшін клубтың ерекше орны бар екенін білеміз», - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

Айта кетейік, облыс әкімдігі қарызды өтеу кезінде бюджеттен тыс қаржы іздеуге көшкен.

pavlodarnews.kz

Тэги: