Бұл туралы Baq.kz тілшісі хабарлайды.

    "Журналистердің кәсіби мерекесіне орай ақпарат саласының үздіктерін анықтау үшін арнайы қоғамдық комиссияның мүшелері бас қосты. Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығын беру, грантын тапсыру және алғысын жариялау баспасөз қауымы асыға күтетін дәстүрлі шара", - деп бастады сөзін Әбдіқалықова.

Ол Елбасының журналистерге арналған марапаты алғаш рет 1997 жылы берілгенін, содан бері осы грант пен сыйлыққа отандық баспасөз саласының майталмандары және талантты журналистер ие болып келе жатқанын атап өтті.

    "Биыл бұл марапат 22-рет беріліп отыр. БАҚ мемлекет басшысының бастамаларын халыққа жеткізу, мемлекеттік саясатты түсіндіру, қоғамдық пікір қалыптастыру, азаматтық қоғамды дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Осындай мәртебелі де жауапты миссияны лайықты атқару үшін баспасөз бәсекеге қабілетті болуы шарт. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық журналистиканы дамыту мәселесіне зор мән береді. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Президенттің журналистерге арналған гранттары мен сыйлықтары осындай қолдаудың айқын көрінісі", - деді Мемлекеттік хатшы.

Әбдіқалықова елімізде және әлемде Қазақстан туралы болып жатқан маңызды шаралар мен оқиғаларды насихаттауда БАҚ өкілдерінің қажеттілігін атап өтті.

    "2018 жыл Қазақстан үшін айтулы оқиғамен басталды. Еліміз тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етіп, бейбітшілік пен қауіпсіздік жолындағы бастамаларды ілгерілетіп келеді. Сондай-ақ Елбасының бес әлеуметтік бастама атты бағдарламасы аясында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар қолға алынып жатыр. "Рухани жаңғыру" жүйесі де жалғасын табуда. Биыл бүкіл Қазақстан халқы елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Шілдеде Астана халықаралық қаржы орталығы ашылады. Осы және басқа да игі бастамалардың бәрін насихаттауға БАҚ өкілдері де қатысады. Президенттің БАҚ-қа арналған сыйлықтары мен гранттарын тапсыру барысында осы айтылған талаптар ескерілуі керек", - деді Мемлекеттік хатшы.

Ол Қоғамдық комиссия кәсіби шеберлігімен көзге түскен баспасөз шеберлерін іріктеп алатынын айтты.

    "Ереже бойынша Президент сыйлығы ең үздік екі журналистке беріледі, Президент гранттары 36 жасқа толмаған журналистерге тапсырылады. Ал Елбасының алғысы төрт шығармашылық ұжымға жарияланады. Биыл сыйақының жалпы қоры 14 млн 430 мың теңгені құрайды. Алтын төсбелгі иегерлері, яғни сыйлық лауреаттары 4 млн теңгеден алса, грант иегерлері 3 млн 215 мың теңгеден алады", - деп сөзін түйіндеді ол.

Биыл Қоғамдық комиссияның қарауына 61 ұсыным берілді, соның ішінде 47-сі журналистерге, 14-і шығармашылық ұжымдарға қатысты. Бұл ретте 25 ұсыным баспасөз басылымдарынан, 36 ұсыным электрондық БАҚ-тан, телекомпаниялардан, телеарналардан келіп түсті.

pavlodarnews.kz

Тэги: