Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі Vesti.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қос боксшы арасындағы жекпе-жек осы жылдың қыркүйегінде өтуі мүмкін.

Golden Boy Promotions аталған кездесуден түсетін табысты Альварестің пайдасына 57,5% те 42,5% деп бөлуді ұсынып отыр. Бұл туралы аталған компанияның президенті Эрик Гомес ESPN телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Алайда олар Головкинге шешім қабылдауға аз уақыт берген. Қазақстандық боксшы аталған ұсынысты cәрсенбі күні Тынық мұхит уақытымен сағат 12-ге дейін кешікпей қабылдауы тиіс (Астана уақытымен 14 маусым, түнгі сағат 01:00-ге дейін). Егер Головкин бұл ұсынысты құп көрмесе, Альварес кезекті жекпе-жекті өткізу үшін АҚШ-тың экс-чемпионы Дэниэл Джейкобспен (34-2, 29 КО) келісімге қол қояды. Тіпті мексикалық боксшы 15-қыркүйекке Лас-Вегас қаласындағы T-Mobile аренасын брондап қойған.

Осы орайда мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварестің промоутері Golden Boy Promotions компаниясының президенті Эрик Гомес қазақстандық Геннадий Головкинге қойған талапқа қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, олар Головкинге қыркүйекте болуы мүмкін қарымтаның кірісін бөлісу туралы соңғы ұсыныстарын айтқан.

«Бұл соңғы ұсыныс. Біз барлық кедергіден өттік, енді ешқандай кездесу болмайды. Головкин түске дейін шешім қабылдасын немесе бас тартады. Бас тартса – жолы болсын. Қарымтаны өткізу үшін барымызды салып жатырмыз. Канело «бұл жекпе-жекті жанкүйерлер үшін өткізгісі келеді, сол үшін ғана жеңілдіктерге бардық», - дейді Эрик Гомес.

Сонымен қатар ол қарымта кездесуден түсетін пайданың тең бөлінетінін атап өтіп, оның бұл жағдаймен келіспейтінін ашық айтты.

«Бастапқыдағы келісім Головкинге үлестің 35 пайызын беру еді. Бірақ кейін ол 50-50 алғысы келді. Бұл күлкілі. Қарсы ұсыныс жасау үшін біз жеңілдікке баруға дайынбыз. Алайда сейсенбіде Том Леффлерге қоңырау шалып, оларда шешім қабылдауға 24 сағат барын айттым. Әйтпесе біз Дэниэл Джейкобспен жұдырықтасамыз. Ол Головкинмен сөйлесіп, көндіруге тырысатынын айтты. Қазір Головкинге өте үлкен қаржы ұсынылып отыр. Егер ол бас тартса, мұнша ақшаны басқа жерден ешқашан көрмейді. Бұл мәселе талай рет сөз етілді», - дейді Golden Boy Promotions компаниясының президенті.

Естеріңізге сала кетейік, Головкин мен «Канело» арасындағы алғашқы жекпе-жек 2017 жылдың 16 қыркүйегінде Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өтіп, төрешілер шешімі бойынша кездесу тең аяқталған.

Ол кезде қазақстандық боксшы түскен табыстың 30%-ін ғана алған.

pavlodarnews.kz

Тэги: