Бұл туралы бүгін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Жасқайрат Қайыров   айтты.

-  Жыл басынан учаскелік полиция инспекторлары, ауылдық округ әкімдері мен   мал дәрігерлері   сырға, таңба және чип салу жұмыстарын жүргізеді, - деді Жасқайрат Қайыров. -  Өңірде бір миллион 200 мыңнан астам бас мал бар.  Жылқылардың 57 пайыздан астамы чиптермен қамтылған. Жануарлар үшін чип өмірлік төлқұжат болып табылады. Оны оқу үшін бізге арнайы жабдық сатып алу керек.  Бүгінгі таңда ішкі істер департаментінің мұндай камераны алуға  мүмкіндігі жоқ. Сондықтан облыстық әкімдіктен осы мақсатта қаржы бөлуді сұраймыз.

Полиция қызметі бастығының айтуынша, бір камера-сканердің құны 90 мың теңге тұрады.  Мұндай құрылғылар мал ұрлығы бойынша тоғыз бағытта жұмыс істейтін  республикалық тас жолына және бақылау-өткізу пункттері үшін қажет.

Есептке кезеңде 41 қара малды ұрлау қылмысы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42,3 пайызға төмен. Бүгінгі таңда қылмысқа қатысы болмаса да  малды  тексеру үшін тоқтатып,  аудандық полиция бөлімшесіне жеткізуге тура келеді.

Аймақ басшысы Болат Бақауов өңірдің бас ветеринар дәрігері Қайыржан Байжановтан камера-сканерді сатып алуға мүмкіндік бар ма екені жөнінде сұрады.  Облыстық ветеринария басқармасының басшысы бұл сұрақты назарға алып, шешімін табуға уәде берді.  

Ақбота Сейсенбаева
Фото: Маргарита Чудакова

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам