Қаланың басты көшелерінің біріне Тәуелсіздік даңғылы атауын беруді депутаттардың 97 пайызы құптады.  

- Аталмыш сұрақ бойынша Павлодар қаласында қоғамдық тыңдау болды, - деді депутат Серім Сыздықов. – Қала әкімдігі мен мәслихатының шешімі және республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындысы бар. Мәселе азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін  қорғау бойынша тұрақты комиссиясында да қаралды.

Енді шығарылған қорытынды әділет басқармасында тіркеуден өтуі керек.

Еске сала кетейік, Павлодар қаласындағы Кутузов көшесінің атын өзгерту туралы өткен жылдан бері айтылып келеді. Мәселеге қатысты қоғамдық тыңдау ағымдағы жылдың сәуірінде өтті. «Шаңырақ» орталығында өткен шарада қала тұрғындары Кутузовтың Қазақстан үшін сіңірген еңбегі жайлы айтты. Сонымен қатар, жаңа көше құрып, оған Тәуелсіздік атын беруді ұсынғандар да болды. Десе де, көбі көшенің жаңа атауын қолдады.

Ал, 16 мамыр күні қалалық мәслихат сессиясында депутаттар бір дауыстан Кутузов көшесінің Тәуелсіздік даңғылы болуына дауыс берді.

 

Фариза Қазыбекқызы

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы