Тимур Құлыбаев «Атамекен» жұмысының негізгі нәтижелеріне және  елімізде бизнеспен айналысу үшін жағдай жақсарып келе жатқанына тоқталды.

- Биыл «Атамекен» палатасына бес жыл толады, - деді Тимур Құлыбаев. – Орталық аппарат үкімет, палата және құқық қорғау жүйесімен белсенді жұмыс істейді. Кәсіпкерлерді қолдау бойынша атқарылған жұмыс өз нәтижесін беруде.  Ұлттық кәсіпкерлер палатасына 2013-2017 жылдарда бизнесті қорғау жолында 23 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Өтінімдердің 40 пайызы оң шешілген. Нәтижесінде кәсіпкерлердің меншік құқығы 111 миллиард теңгеден астам сомада қорғалған.  Оған айыппұлдар, өсімақылар, мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерге қайтарған қаражаты, бизнестің сақталған мүлкі кіреді. «Атамекен» 22 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілер және заң жобаларына сараптама жүргізді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ескертулері мен ұсыныстарының шамамен 73 пайызы мемлекеттік органдар тарапынан назарға алынды. Мысалы, Ұлттық палатаның белсенді қатысуымен әзірленген жаңа Салық кодексінде   шағын және орта бизнес үшін  арнайы салық режимдері және қосымша құн салығының шектік мәні сақталды, әкімшіліктендіру айтарлықтай жеңілдетілді.



Облыс әкімі Болат Бақауов  өңірде   бизнес ортаны жақсартуға зор көңіл  бөлініп отырғанын және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылатынын атап өтті.

 - «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы маңызды рөл атқарады, - деді Болат Бақауов. - Былтырғы жылы  200 кәсіпкерге 2,7 миллиард теңгеге қолдау  көрсетілді. Бұл  олардың қаржылай жүктемесін азайтып, өндірісті жаңғыртуға, шығарылатын өнім көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Бизнес субъектілеріне 2,1 миллиард теңгеге инженерлік коммуникация тартылған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бірнеше жылдардан бері біздің облыс қол қойылған жобалар бойынша көшбасшылардың  қатарында келеді. Біздің өңір республика бойынша Шығыс Қазақстан облысынан кейін екінші орында тұр.  Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру  бойынша 831 жобаға қол қойылды.

Аймақ басшысының сөзінше, бүгінде кәсіпкерлік секторында 42 мыңнан астам субъект облыстағы әрбір алтыншы тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етеді. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 1 млрд 300 млн теңге көлемінде 200 несие бөлінген. Жұмыспен қамту шараларымен қамтылған 25 мың адамның бес мыңы   «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша  екі қолға бір күрек тапқан.

- Бүгінде маңызды міндеттердің бірі - жаппай кәсіпкерлікті дамыту, - деді Болат Бақауов. - Бұл бағытта кісіпкерлер палатасымен бірге жұмыссыз және  өнімсіз жұмыспен қамтылған адамдарды оқыту бойынша белсенді жұмыс атқарылуда. «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлер  оқып, өз ісін дамытуға несие алады. Бүгінде 530 миллион теңгеге 146 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде мал шаруашылығы, металл өңдеу, корпус жиһаздары мен былғары бұйымдарын шығару бойынша қызмет ұсыну  қарастырылған. Мемлекет басшысының төртінші бастамасы - шағын несиелендіру бойынша биыл 230 адамнан 380-ге дейін  қосымша 2,2 миллиард теңгеге қаржыландыруды арттыру жоспарланып отыр.   Бұл бағытта жұмыс жалғасуда және барлық сұрақ бақылауға алынған.  

Бизнес құралдарын қолдау көрмесінде «Бизнес Бастау» жобасы бойынша оқыған кәсіпкерлер азық-түлік және қолөнер туындыларын ұсынды.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика, кәсіпкерлік