Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мәлім етті.

-  Ағымдағы жылы облыс мектептерінде 11-сыныпта 3897 оқушы  білім алды, - деді Дінислам Болатханұлы. - ҰБТ-ға қатысуға өтініштерді қабылдау 10 мамырда аяқталды.  Тестілеуге 2857 немесе 73% мектеп бітіруші қатысуды жоспарлап отыр. ҰБТ-ны мемлекеттік тілде тапсыратындар саны – 1675, орыс тілінде – 1181. Биыл алғаш рет   дарынды ер балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ»  лицейінің 11-сынып оқушысы Радамес  Қылышбеков ағылшын тілінде  тест тапсырады.  Таңдаған пәні ағылшын тілі мен дүниежүзілік тарихы.



Басқарма басшысы ҰБТ  кезінде 767 бітірушіні  тасымалдау   үшін  58 көлік жұмылдырылатынын атап өтті.  Тамақтану, тұру және тасымалдауды ұйымдастыруға қала және аудан бюджетінде 6,5 млн  теңге қарастырылған.

-  Түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау басқармасы, қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті және ТЖ департаменті, құқық қорғау органдарымен бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді.  ҰБТ өткізу   пункттерінде 58 негізгі және 14 резервті аудитория  жұмыс істейді. Ұялы телефондардың дыбысын өшіретін 84   құрал бар. Оның ішінде 3G – 47, 4G – 37 және 17-сі  биылғы жылы сатып алынды. Сондай-ақ  92 бейнебақылау камерасы қарастырылған. 16 рамалық металліздегіштің  төртеуі ІІД-нен жалға алынды.  

Білім беру басқармасының ақпаратына сүйенсек, өңірде  үш мектеп бітірушісі ҰБТ-дан  босатылған. Олар - математикадан Гонгког (Қытай) қаласында өткен халықаралық олимпиаданың жеңімпазы Мұхаммед-Әли Әмір,  физика, химия, информатика  пәнінен «Туймаада» Саха (Якутия) – 1-дәрежелі диплом иегері  Темірлан Рахимов және  компьютерлік жобалар бойынша «Информатрикс-Азия» халықаралық сайысының жеңімпазы Берсүгір Абдулғафур.

-  Бүгінгі күні  ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін 10 пунктіде интернетке шығатын тікелей көрсетілім жүзеге асырылады, - деді Дінислам Болатханұлы.  - 21 маусымда ПМУ, ПМПУ, ИнЕУ және ЭИТИ-де 208 мектеп бітіруші өз білімін сарапқа салады. 22 маусымда Ақсу қаласында, Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Ертіс, Качир аудандарында  775 бітіруші  және 23 маусымда ПМУ, ПМПУ, ИнЕУ және ЭИТИ  пунктінде 874 мектеп бітіруші тест тапсырады.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: ҰБТ, білім, қоғам