Айта кетейік,  бірқатар БАҚ-та педагогтар жерлестерінің санасын жаңғыртуға бағытталған қорға бір күндік еңбекақысын аударуға мәжбүрлеп жатқаны туралы  ақпарат тараған.  Қоғам белсенділері  құрған «Рухани Павлодар» арнайы қорының  құрылтайшысы  - қалалық мәслихаттың депутаты Қобыланбек Кожин.  

- Ақша жинау туралы  ешқандай да нұсқау болмады, - деді Дінислам Болатханұлы. – Кеше ғана журналистер  қанша ақша жиналғаны  жайында статистиканы сұрады. Ешқандай да есеп жүргізілмейді. Ұстаз немесе жүргізуші болсын, бұл әрбір адамның жеке шешімі.  Мемлекеттік жобаларды көбірек жүзеге асыру мақсатында қор құрылып, сол арқылы Елбасы идеясын жүзеге асыру ұсынылды. Бұл ретте, мәжбүрлі түрде қаржы жинау туралы сөз қозғалған жоқ. Осыған қатысты Facebook әлеуметтік желісінде пост жазғанмын.

Өңірдің бас ұстазы педагогтар қауымы арасында өз еңбегімен тапқан ақшасын қорға күштеп салу фактілері орын алған жағдайда тікелей 8(701)9924441 нөмірі  бойынша  хабарласуға болатынын атап өтті.

- Мұндай жағдайда директормен және білім беру бөлімімен мәселені талқылайтын боламыз, - деді  Дінислам Болатханұлы. - Бұл әр адамның азаматтық позициясы. Facebook  және Instagram желісінде   кез келген уақытта жауап беруге дайынмын.   Бүгінгі күнге дейін ресми түрде  ешкім шағымданып жүгінбеді. Әлеуметтік желіде  ұстаздардың атынан жазылған  пікірлер шын мәнінде  басқа адам немесе қоғамда кері пікір қалыптастыратын деструктивті партияның өкілдері болуы да  мүмкін.

Басқарма  басшысы ұстаздар қауымының өкілі ретінде аталмыш жобаларды талқылауға белсенді қатысатынын жеткізді.  

- Бұл қор құрметті қоғам қайраткерлерімен құрылған және олар әрбір тиын үшін есеп береді, - деді ведомство басшысы. - Ұстаздардың  көмегімен көптеген жобалардың жүзеге асырылатыны белгілі. Сондықтан қор басшыларына ұстаздардың тілегін жеткізуге тырысамын. Мен өзім қаржы аудардым және бұл идеяны қолдау керек деген пікірдемін. Себебі, мұндай шаралар ұлттық сананың өсуіне үлкен себепкер болады. 

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам