Екі мыңға жуық түлек жағалауға көтеріңкі көңіл күймен келді.

- Алда ҰБТ күтіп тұр, бірақ мен ол туралы ойламауға тырысамын, - деп күледі Әлібек есімді түлек. - Ауарайы керемет. Бір де бір шіркей жоқ. Сондықтан ешнәрсе де көңілімізді түсіре алмайды.

Жағалауға шамамен 10 мың адам келді. Көп жылдардың ішінде алғаш рет жастар ата-аналарымен бірге өз қуаныштарын бөлісті.

- Менің жиенім мектеп бітірді, - дейді Сәуле Қазбекова. – Мен де түлектер кешінің осылайша жағалауда өткенін қалар едім. Ертістің жағасындағы мереке керемет атмосфера орнатады.

 Биыл түлектер балына алғаш рет облыстағы барлық «Алтын белгi» иегерлері шақырылды.

208 үздік түлектің әрқайсысына құрмет белгісін облыс әкімі Болат Бақауов тапсырды.

 

- 11 жыл бойы бірге болған ата- аналарыңды шын жүректен құттықтаймын, - деді облыс әкімі. – Мектеп табалдырығынан сыртқа аттаған кезде қиындықтарды шешуге үйреткен тәлімгерлеріңмен қоштасып, жаңа өмірге қадам басасыңдар. Қанша жыл өтсе де мектеп жайлы естеліктер үнемі жадыларыңда сақталады. Сіздер бақытты ұрпақсыздар. Себебі, тұрақтылық пен гүлденген мемлекеттің жаңа кезеңіне куә болдыңыздар.

 

Сахна төрінде Ерке Есмахан, Raim&Artur, «BN» топтары мен қазақстандық басқа да эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Сенбі күні түлектердің құрметіне отшашу болады.

Томирис Бекжан
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: общество