Мәдени,спорттық шаралардың соңында халыққа 30 қазан палау, нан, бауырсақ, сусындар таратылып, дастархан жайылды.

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы жиналған қауымды Ораза айтпен құттықтап, Айт мерекесінің тағылымдық маңызы жайлы танымдық насихат айтты. Ораза айтының мән-маңызын түсіндірді, бабалар рухына Құран бағыштады. Бұдан соң жамағатпен айт намазы оқылды.

Балаларға әртүрлі ойын батуттары тегін орнатылды. Спорттық шаралар жүргізілетін алаңдар жасалып, арқан тарту, 16 келілік гір тасы, қол күресіне арналған үстел, спортшылардың өнер көрсетуіне арналған кілем қойылды.

Шара басталғанға дейін сахнада діни өлеңдер айтылып, Құран Кәрім сүрелері оқылып тұрды. «Әйел-қыздар секторының» ұйымдастыруымен әжелер мерекелік шашу шашып, халқымыздың игі дәстүрінен шағын көріністер ойнап көрсетті. Әншілер ән шырқап, күйшілер күй тербеді. Биылғы жазғы діни сауат ашу курсында оқып жатқан мектеп жасының балалары арасында сахнада Құран сайысы, иләһи әндер және сұрақ-жауап, діни өлеңдерді жатқа айту сайыстары өткізілді.

ҚМДБ-ның қарамағындағы тоғыз медресенің бірі Павлодар облысындағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресесін биылғы оқу жылы тәмамдаған 11 шәкірт  жиналған қауымға таныстырылып, елімізге, дінімзге бар күш-жігерімен еңбек етеді деген сеніммен салтанатты түрде диплом табысталды.

Рамазан айымыздың басында діндар, ғұлама, дана Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыздың туғанына 160 жыл толуына орай жастар жамағаты мен имамдар арасында жариялаған «Бабалар даналығы», «Даналар дауысы» тақырыптары бойынша мақала мен уағыз жазудан шығармашылық бәйгенің қорытындысы шығарылды. Жастар жамағаты арасындағы номинация бойынша 40-тың үстінде шығарма, қала, аудан, кент, ауыл имамдары арасында жариялаған номинациясы бойынша ғибратты-танымдық уағыздан 20-ның үстінде шығарма бәйгеге түсті. Жамағат пен жастар арасында жариялаған «Бабалар даналығы» номинациясы бойынша Зере Қуандық атты магистрант бірінші орын, Абзал Қабдраш пен Айбек Оралхан есімді журналистер 2-3 орындарға ие болып, арнайы дипломдар мен 160 мың, 100 мың, 70 мың теңге табыс етілді.

«Даналар дауысы» тақырыбында облыс имамдары мен мешіт қызметшілері арасында жарияланған танымдық-уағыз мақаласында Әбдімүтәли Омаров (Ақсу қаласы мешітінің бас имамы), Қуаныш Шарманов («Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ұстазы), Райынбек Әділ (Шарбақты ауданының бас имамы) алғашқы үш орынды иеленіп әрқайсысы арнайы диплом, 160 мың, 100 мың, 70 мың теңге сыйлығына ие болды.

pavlodarnews.kz

Тэги: рухани