«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 4 маусымда басталған музыкалық фестивальдің жабылуы 8 маусымда Құрманғазы атындағы № 1 балалар музыка мектебінде гала-концертпен аяқталды.

Қорытынды концертте Құрманғазы, Тәттімбет, Естай, Нұрғиса Тілендиев, Дәулеткерей, Ықылас, Сейдолла Байтерековтің шығармалары, заманауи өңдеуде жасалған қазақ күйлері мен халық әндері шырқалды.

- Осындай іс-шаралар түрлі жанрларға деген қызығушылықты дамытуға септігін тигізіп ғана қоймай, сонымен қатар бірегей туындыларды, талғамы мол тыңдарман үшін барынша жеткізуге мүмкіндік береді, - дейді мектеп басшының орынбасары Алтынай Әкімханова.

Қобызшы, домбырашы, виолончель, саксофон, жетіген аспаптарында ойнайтын ансамбльдер бар өнерлерін жұрт назарына ұсынды. Қорытынды гала-концерт ансамбльмен және жеке орындаудағы номерлермен есте қалды. Фестиваль соңында қаланың музыка мектептерінің хор және оркестрлық ұжымдары Сейдолла Байтерековтің «Сары Арқа» әнін тамылжыта орындады. Бұл орындау ұлттық нақыш пен патриоттық сезімге толы болды.

Мектеп басшысы Ольга Бобровская ұлы даланың ұландарын бір ортаға біріктіретін мұндай фестивальдарды өткізу алдағы уақытта дәстүрге айналуы тиіс екенін атап өтті.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: рухани