Бұл туралы Ақсу қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Дастарханға  ұлттық тағамдар  қойылып, киіз үйлердің ауласында ән мен күй қалықтады. Ауылдық аймақтардан келген өнерпаздар әннен шашу шашып, қолөнер шеберлері жұртшылық назарына өздері жасаған түрлі ұлттық бұйымдарының көрмесін ұсынды.

Қала әкімі Николай Дычко ақсулықтарды айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Облыстық «Нұр – Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова сан жылдық тарихы бар дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған қалалық «Нұр – Ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рымкеш Сламбековаға «Асыл әже» құрметті атағын табыс етті.

- Қымызмұрындық – қыстан аман-есен шыққан, жазға бие байлап, алғашқы қымыз ішетін күн, - деп Бақытжамал Максилова айтулы мерекенің тарихына тоқталып өтті. - Айнала киіз үйлер тігіліп, жиналған жұртшылыққа қымыздан дәм таттырылды. Былтыр алғаш рет өткізілгенде екі киіз үй ғана болса, биыл киіз үйлердің саны артқан.  Бұл жолы Қымызмұрындық мерекесі қасиетті Ораза Айт мерекесінде ұйымдастырылып отырғаны ерекше қуаныш сыйлайды. Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды бүгінгі ұрпаққа насихаттауға атсалысып, қолдау көрсеткен жергілікті билікке алғыс білдіремін. Мұның барлығы «Рухни жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанының керемет бір айғағы.

Ақсу қаласының құрметті азаматшасы, қалалық «Нұр – Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рымкеш Сламбекова қонақтарға естелік сый-сиапат жасады. Мерекеге жиналған жұртшылық киіз үйлерде жайылған ақ дастарханнан дәм татты.

Айта кетейік, былтыр Ақсу қаласында қымызмұрындық мерекесі алғаш рет өткен. Қаланың ауылдық аймақтары алты киіз үй тігіп, 300 литр қымыз халыққа тегін таратылған болатын.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: қала әкімінің баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: мәдениет, рухани