Премьер лиганың 14-туры аясында «Ертіс» қонақта өткізген ойынында үш гол жіберді. Негізгі құрамның ойыншылары шықса да елордалықтарға қарсы екпін көрсете алмады.

«Ертістің» бұрынғы ойыншысы, қазіргі кезде «Астананың» шабуылшысы – Роман Мұртазаев 40-шы және 67-ші минуттарда гол салып, дубль авторы атанды. «Ертіске» қарсы өткізген бес ойын бойынша Роман Мұртазаевтың есебінде бес гол, үш нәтижелі пас бар.

Ал, 60-шы минутта Джордже Деспотович павлодарлықтардың қақпасына соққысын дәл бағыттады.

«Ертіс» ФК бас бапкерінің міндетін атқарушы Дмитрий Кузнецов «Астана» сынды командалармен тең дәрежеде ойнаудың әлі ерте екенін айтты.

- Біз әлі «Астана», «Қайрат» сынды командаларға қарсы ойнауға дайын емеспіз, - деді Дмитрий Кузнецов. – Бүгін көп қателіктерге бой алдырдық. Екі күн бұрын Алматыда өткен ойын әсер еткен болуы мүмкін. Басқа айтар ештеңе жоқ. Нәтиже ойынға сай.



Айта кетейік, «Ертіс» ФК Алматыда өткен ҚР кубогының жартылай финалының бірінші ойынында «Қайратқа» 2:0 есебімен ұтылған болатын.

14-турдың қорытындысы бойынша павлодарлық команда 17 ұпаймен турнир кестесінің бесінші орынында тұр.

Оразбек Саяхат

Фото: «Ертіс» ФК-ның баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: спорт, футбол, Ертіс