Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

24.kz арнасының мәліметіне қарағанда, марафонды Қазақстанның Венадаға елшілігі ұйымдастырған.

Астананың 20 жылдығына арналған веломарафонға қатысушылардың қарасы көп болды. Олардың қатарында ЕҚЫҰ және БҰҰ-ның өкілдерімен қатар шетелдік елшілер де бар. Дипломаттар бір күнге классикалық киім үлгілерін қазақтың ою-өрнектермен көмкерілген спорттық костюміне ауыстырды. Шараны қолдауға Венадағы студенттер де арнайы келген. Ал кішкентай қатысушыларымыз өз қолдарымен Қазақстан байрағының суретін салды.

"20 шақырым деген түк емес екен. Осындай дипломаттардың басын қосып шара өткізу тамаша идея деп ойлаймын. Мен әзірге Астанада болып көрмедім. Дегенмен келесі жылы қызым екеуміз осы тамаша елге баруды жоспарлап отырмыз. Астанаға жүрекжарды тілектерімді арнаймын. 20 жыл деген бұл тарихтың басы ғана" - дейді ЕҚЫҰ Италиядағы тұрақты өкілі Алессандро Аццони.

Ережеге сай спортшылар Дунай маңындағы веложолда 20 шақырым жерді жүріп өтуі керек болды. Әрине, бұл сан Астананың туған күніне орай таңдалынған.

"Бүгін қарап отырсыңыз, жасы да, үлкені де, елшісі де, үшінші хатшысы да – барлығы қатысып жатыр. Вена тұрғындары Астананың осындай нұр шашқан мерейтойына тәнті болуда. Айтылған тілектер қабыл болсын деп айтамыз. Бұл велосаяхаттың ерекшелігі, біз саламатты өмір салтының қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отырмыз" - дейді ҚР Австриядағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Сарыбай.

Шетелдік қонақтар Қазақстанның бас қаласын туған күнімен құттықтады. Олардың көбісі Астанада болған естеліктерімен бөлісіп, жас қаланың жетістігіне таңдай қақты.

"Мен Астанада алғаш рет 2002 жылы болдым. Ол кезде қаланың құрылысы енді басталып жатқан. Сөз жоқ, шаһар үздік әрі заманауи талаптарға сай тұрғызылды. Қазақ елін Астананың туған күнімен құттықтаймын. Бауырлас елге тек табыс тілеймін. Қазақ-қырғыз бір туған, әрдайым бір туған болып қала береміз. Мерейтоймен құттықтаймын! Астана өсе берсін!" - дейді Қырғызстанның Австриядағы елшісі Бакыт Джусупов.

Марафонда достық жеңіске жетті. Дегенмен спортшы дипломаттардың бәрі естелік сыйлықтармен марапатталды. Содан соң келушілерге Астананың жиырма жылдық тарихы ұсынылды.

"Веложарыс әртүрлі ұлт өкілдерінің басын біріктірді. 20 шақырым жерге 100-ден аса адам бірге шықтық. Өте тамаша әсер алдым. Айта кетейін, Қазақстан – біздің халықаралық серіктесіміз. Қазақ халқын мерейлі мерекемен құттықтаймын! Тек 20 жылдығы ғана емес, 1000 жылдықты бірге тойлауды жазсын" - дейді ЕҚЫҰ Австриядағы тұрақты өкілінің орынбасары Андреас Штадлер.

Үлкен экранда шаһардың алғашқы құрылысынан бастап Орталық Азиядағы маңызды қала болып қалыптасуына дейін және халықаралық саммиттер өткізіліп, әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылданатын алаңға айналғаны көрсетілді.

pavlodarnews.kz

Тэги: