Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Vksport.kz сайтының жазуынша, жарысқа Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Қытай, Германия, Дания, Қырғызстан, Чехия, Грузия және өзге де, барлығы 23 елдің балуандары қатысты.

Олар екі салмақ санаты бойынша сынға түсті: 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары (түйе балуан). 80 келіге дейінгі салмақта ақтық сынға ШҚО-ның екі балуаны - Марат Қуаныш пен Ғабит Дәулетбаев шықты. Нәтижесінде Гран-при иесі Марат қуаныш атанды. Екінші орынды Ғабит Дәулетбаев алса, үшінші орын өзбекстандық Расул Камалитдиновқа бұйырды.

Ал «түйе балуан» сайысында өзбекстандық Мухсин Хисамутдинов жеңімпаз болды. «Күмісті» ресейлік Рустам Арсаланов, «қоланы» грузин Бека Берданишвили иеленді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақ күресінен Ырғызбай Досханұлы атындағы жарыс алтыншы рет өтуде. Соңғы екі жылда ол әлемдік Гран-при деңгейінде ұйымдастырылуда. Қазақ күресінен бөлек мұнда ат спортынан турнирлер өтті - көкпар, бәйге және аламан бәйге.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Жалпы жүлде қоры - 15 млн теңге. Атап айтқанда, турнирдің басты жүлдесі - 1,5 млн теңге болса, екінші орын иегеріне - 1 млн, үшінші орынға 500 мың теңге берілді.

pavlodarnews.kz

Тэги: