Арнайы топ алдымен «Самал» оңалту орталығы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жұмысымен танысты.  

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Рымкеш Сағынова әлеуметтік қызметкерлер үй жинап, тамақ әзірлеп қана қоймай, басқа да қызмет көрсете алатынын атап өтті.

- Заманауи әлеуметтік қызметкердің қолынан барлығы да келу керек, - деді Рымкеш Сағынова. – Олар үй жұмысымен ғана айналыспай, адамға медициналық, экономикалық, құқықтық, психологиялық, заң тұрғыда да көмек береді. Әлеуметтік қызметкерлер сегіз түрлі қызмет көрсетеді. Мұның барлығы қызмет сапасын көтеру мақсатында жасалады. Көбінесе біздің мамандар жалғыз басты қарт адамдар мен мүгедектермен жұмыс жасайды. Жалпы біздің бөлімде жүзден аса әлеуметтік қызметкер бар. Олар 800-ден аса адамға қызмет көрсетеді.

Мекеменің жұмысы жайлы баяндаған орталықтың төрайымы  дефектолог, психолог, логопед, массаж жасаушы мамандар қызмет көрсететінін  жеткізді.

- Біздің орталық 22 жыл бойы жұмыс істеп келеді, - деді Зинаида Багненко. – Көмек сұрап келген әр адамға қол ұшымызды созуға тырысамыз. Бүгінгі күні   35 жасқа дейін 98 адам оңалту шараларынан өтеді. Сонымен қатар,  бұрынғы тәрбиеленушілерімізге де есігіміз ашық. Олар осында келіп, жаттығып, өзара әңгімелеседі.

Орталықтың тәрбиеленушісі Луиза Сусуркиева  мекемеге қуана келетінін  айтады.

- Мен орталыққа төрт жасымнан келіп жүрмін. Осында достарыммен кездесемін. Біз таңертеңгі жаттығу жасап, тамақтанамыз, сүйікті ісімізбен айналысамыз. Бізбен орталық мамандары мен психологтар айналысады. Олар бізге осы әлемді одан да терең тануға көмектеседі. Осында өзімді үйдегідей сезінемін, - деді Луиза Сусуркиева.

Айта  кетейік, биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру мақсатында 2335 азаматқа қызмет көрсету үшін 524 миллион теңге қарастырылған.

 

Назым Қарабаева

Фото:автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы