Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы Жарлыққа қол қою рәсімі кезінде Астана және Алматымен қатар Шымкенттің тұрғындар саны 1 миллионнан адамнан асатын қазақстандық қалалар қатарына кіргенін айтты.

«Қазақстан Республикасы әкімшілік-территориялық құрылымы туралы» заңның 3-бабы 1-тармақшасына сәйкес бүгін мен қол қойып отырған Жарлық Шымкенттің республикалық мәртебесін бекітеді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздің 17-аймағы болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығы мен түркі әлемінің саяси және рухани өмірінің жүрегі болып келген Түркістан қаласы болады», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа құрылған Түркістан облысы жаңа әкімшілік міндеттерді сапалы іске асыруға қажетті мүмкіндіктердің барлығына ие екенін айтты.

Президент сонымен қатар, жаңа шешімнің тарихи маңызына да тоқталды.

«Шымкент инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстарды біздің елге ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағына тартатын жаңа орталық болады. Бұған қажет барлық шарттар мен әлеует бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Шымкенттің республикалық мәртебе иеленуі оның әрі қарай дамуына жағдай жасап, қалаға жаңа да айрықша мүмкіндіктер ашатынына сенімді екенін айтты.

«Бұл қадам қаланың қалыпты әлеуметтік-экономикалық жаңғыруына тұрақты серпін беріп, бүкіл аймақ тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға жағдай жасайды», - деді Президент.

Қол қою рәсімі соңында Мемлекет басшысы Президент әкімшілігіне, Үкіметке және облыс әкімдігіне Жарлықты сапалы әрі жедел іске асыру және жергілікті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тұрақты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызылсын.

2. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілсін.

3. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп қайта аталсын.

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп:

бір ай мерзімде осы Жарлықты іске асыру жөнінде ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын (жол картасын) бекітсін;

2018 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтіруді қамтамасыз ететін шаралар қабылдасын;

осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын;

2) Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспарды әзірлеуге конкурс ұйымдастыру және өткізу жөніндегі комиссия құрсын.

5. Орталық мемлекеттік органдар және Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жергілікті мемлекеттік органдары тиісті жергілікті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іркіліссіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.

6. Түркістан облысының жергілікті өкілді және атқарушы органдары, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты мекемелері Түркістан қаласына көшкенге дейін Шымкент қаласында орналасады деп белгіленсін.

7. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

8. Осы Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Президентi Н.Назарбаев

pavlodarnews.kz

Тэги: