Бұл туралы Baq.kz тiлшiсi хабарлайды.

«Мен рюкзактың ауырлығы аса маңызды проблема екенiн өз басым жақсы бiлемiн. Осыған орай, қазiргi таңда Бiлiм және ғылым министрлiгi бiрқатар жүйелi шара қабылдады. Солардың бiрi - биылдан бастап шығатын оқулықтардың, мәселен 3,6,8 сыныптарға арналған жаңа кiтаптардың арнайы QR кодтарының болуы. Әр оқулықтың электрондық нұсқасы болады. Яғни, оқушының ата-анасы ұялы телефон немесе басқа құрылғы арқылы электрондық кiтапты осы QR код арқылы жүктей алады. Ата-анасы баласына кiтаптарды планшетке жүктеп бере алады немесе қағаз оқулықтарды ғана пайдалануға да болады», - дедi Аймағамбетов ОКҚ брифингi барысында.

Вице-министрдiң айтуынша, қазiр БҒМ жергiлiктi атқарушы органдармен бiрге жұмыс iстеп жатыр. Атап айтсақ, мектептерде бастауыш сыныптарға арналған шағын шкафтардың санын көбейту бойынша жұмыс жасалуда.

«Бұл жұмысты 1,5-2 жыл бұрын бастап кеттiк. Қазiр осы салада жақсы жұмыс атқарылды. Жергiлiктi атқарушы органдар бұған қаржы бөлiп келедi. Биыл да қомақты қаржы бөлiндi. Осылайша, мектептер шағын шкафтармен жабдықталып жатыр. Балалар бұл шкафтарда кiтаптары, ауыстыратын аяқ-киiмдерi мен басқа да заттарын қалдырып кете алады. Және де бiз оқулықтардың формасы мен форматы бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Оқулықтардың салмағына қойылатын талаптар бойынша бiз Денсаулық сақтау министрлiгiмен бiрiгiп жұмыс атқарудамыз. Қазiр «оқулық салмағы белгiлi бiр грамнан аспасын» деген талаптар бар. Ал бiздiң халықаралық тәжiрибеге сүйенiп айтарымыз «сөмкедегi барлық кiтаптардың жалпы салмағына талап қою керек». Бiз осыған қатысты ұсыныс жiбердiк. Осы орайда, оқулықтардың сыртқы қабы жұқартылып, парақтарына салмағы жеңiлдеу қағаздар қолданылмақ. Жалпы, оқушылар сөмкесiнiң салмағы мәселесiн ерекше бақылауда ұстап отырмыз», - дедi Аймағамбетов.

pavlodarnews.kz

Тэги: