Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында мамыр айында бастау алған «Мен қазақпын» мега жобасының қорытындысы  шығарылды.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың айтуынша, Ертіс өңірінде өткен өнер сайысында 35 өнерпаздың үшеуі үздік деп танылды.

- Жобаның облыстық іріктеу туры Гагарин саябағында орналасқан этноауыл сахнасында өтті, - деді Мейрам Бегентаев. – Дәстүрлі әншілердің арасында топ жарған Успен ауданының тумасы Жалын Құнанбай, үздік термеші атанған баянауылдық Нұрлан Сейітов және күйші Ернат Мотышев келесі айналымға өтті. Оларға сәттілік тілейміз.

ERTIS телеарнасының директоры Гүлнаш Әбішева жеңімпаздардың қандай ән айтып, күй шертетіні белгісіз екенін айтты.

- Өткен жылы сайыскерлер жеребе тартып, онда жазылған күй, терме мен әнді орындаған. Биыл бұл ереже қала ма жоқ па әзірге белгісіз, - деді Гүлнаш Әбішева. - Павлодарлық үш жеңімпаз 2 қыркүйек - 9 желтоқсан аралығында әр жексенбі сайын Астана қаласында өтетін финалға барады. Жобаның 1/8 туры 2 қыркүйек - 25 қазанда болады. Оған 60-қа жуық өнерпаз қатысады. Келесі айналымға шыққандар 4-25 қараша аралығында өз өнерлерін ортаға салады. Сайыстың жартылай финалы 2 желтоқсан күні өтіп, 9 желтоқсанға ақтық мәре жоспарланған. Ал жобаның гала концерті 16 желтоқсан күні Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылады.

 Айта кетейік, аймақта 14-29 мамыр аралығында мега жобаның іріктеу кезеңінен 35 адам  жолдама алған. Жобаның облыстық финалы 16 маусым күні өтті. Сайыс  ERTIS телеарнасында үш сағат бойы тікелей эфирде көрсетілді. Дәстүрлі ән байқауына Қазақстан, Ресей, Монғолия мен Қырғызстаннан өнерпаздар қатысады деп жоспарлануда.

 

Назым Қарабаева

Фото:ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы, рухани