Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермұрат Нұрханов мәлім етті.

- Бұған облыстық бюджеттен 4,5 миллиард теңге бөлінді, - деді басқарма басшысы. - Объектілерде жұмыс жүргізіліп жатыр. Шақат-Восточный-Шалдай бағыты бойынша жолға асфальт төселіп жатыр. Өткен жылы жолдың 11 шақырымы жөнделді. Биыл аталған учаскіде тағы да 11 шақырым жол жөнделеді. Ал келесі жылы жеті шақырымы жөнделсе жол толықтай тегіс болады. Жалпы бүгінгі күні облыс аумағындағы жолдарға 70 шақырым асфальт төселген. Қалған жерлерде жол дайындалып жатыр. Барлық жолдардың сапасы бақылануда.

Ермұрат Нұрхановтың айтуынша, өңірдегі 460 шақырым жол жөндеуден өтеді.

-  Жалпы облыстың 79 пайыз жолы қанағаттандырарлық жағдайда. Торайғырдан Жасыбайға дейін 12 шақырым жолдың сегізіне жол төселді. Сонымен қатар, Май ауданының аумағында жүз шақырым жол бар. Көктөбе ауылының қасында «АБК Автодор» ЖШС жұмыс істеуде. Сондай-ақ, Саты ауылының маңындағы жол толықтай жөндеуден өтіп жатыр. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен екі учаскіге 230 миллион теңге қаражат бөлінді. Ал, Екібастұз қаласы мен Баянауыл ауданын қосатын жол 2019 жылы жөнделеді,- деді басқарма басшысы.

Айта кету керек, облыс аумағындағы жолдардың жалпы ұзындығы  3778 шақырымды құрайды.

 

Назым Қарабаева

Фото:ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы, жол