Бұл туралы Baq.kz тілшісі хабарлайды.

«Қазақстанның қай аймағында екенін атап көрсетпей-ақ қояйын, алайда оңтүстік өңірдегі бір оқушының жауабы жойылды. Жалпы, оқушының жауабы бір ғана жағдайда жоққа шығарылады, егер ол ҰБТ тапсыру ережесін бұзса, оның жауабы қабылданбайды», - деді Рамазан Әлімқұлов.

Сонымен қатар, Ұлттық тестілеу орталығының директоры тестілік сұрақтардың әлеуміттік желіде жариялануына байланысты түсініктеме берді.

«Өкінішке қарай, тестілік сұрақтар суретке түсіріліп, жарияланды. Алайда, осы ретте, бір мәселені баса айтқым келеді. Тестілеу барысында қандай оқушы болсын ол тестілеу сұрақтарын жариялай алмайды. Алайда тест тапсырып шыққан оқушылардың әлеуметтік желілерде өз тапсырмаларын жариялап жатқан жағдайлар тіркеліп жатқаны рас. Олардың берілген тапсырманы қашан және қалай сүретке түсіріп үлгергенін білмейміз», - деді ол .

Оның айтуынша, тестілеудің онлайн-көрсетілімін 15 дата-орталығы және 3 млн бейне камерасы бар халықаралық компания қамтамасыз етуде.

«Бүгінде халықаралық компания онлайн көрсетілімді қамтамасыз етуде. Рас, кей жерлерде кеше бұл онлайн-көрсетілім лайықты түрде жүргізілмеді. Сондықтан, бүгін біз осы олқылықтар қайталанған жағдайда онлайн көрсетілімді өзіміз жалғастыратындай етіп жағдай жасап қойдық», - деді Рамазан Әлімқұлов.

pavlodarnews.kz

Тэги: